Өткен аптада «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында «Батаменен ел көгерер» атты аудандық батагөй қариялардың байқауы өтті. Байқауға қала, ауылдардан тоғыз қария қатысты.

Наурыз мерекесінен соң ұйымдастырылған мерекелік шараның мақсаты – дәстүрлі баталарды кейінгі ұрпаққа насихаттау, ежелгі салт-дәстүрді жаңғырту.

Мұндай байқаулардың берері көп, әрине. «Бүгінде бата беретін қария жоқ» деген пікір жиі айтылатыны рас. Тілек айту мен бата беруді шатастыратындар да бар. Аталған байқау осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында да ұйымдастырылды десек артық айтқандық болмас.

Байқауға ақын, ҚР білім саласының үздігі, ардагер ұстаз Нұрғали Ыбырайым, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Гүлзакира Исаева, аудандық тарихи өлкетану мұражайының директоры Нұрлан Смайыловтар төрелік етті. Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін сараптап төмендегіше жүлделі орындарды бекітті.

Бас жүлдеге Достық ауылынан келген 85 жастағы Еламанов Бимағанбет атамыз ие болды. I-орынды Шардара қаласынан Болат Жамалханұлы жеңіп алды. II орынға Қоссейіт ауылынан Қалдыбек Молданазаров, Қ.Тұрысбеков ауылынан Шардахмет Жүнісбеков лайық деп танылды. III орын Сүткент ауылынан Дәуренбаев Рахматулла мен Алатау батыр ауылынан Төлепов Нұғман қажыға бұйырды. Ұзын ата ауылынан Ораз Әмірбек, Көксу ауылынан Махан Нұрман, Ақалтын ауылынан Кемалхан Садықбековтер арнайы номинациялармен марапатталды. Батагөй қарияларға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Өз тілшімізден.