Қателікті кешірмейтін жол қатынастарына қатысты деректерді естігенде төбе шашың тік тұрады. Бой тіксінтер суық оқиғалардың саны азаймай тұрғаны алаңдатады.
Дегенмен былтырға қарағанда биыл елімізде жол-көлік оқиғалар саны біршама бәсеңдеген. Ең жиі кездесетін жағдай – жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғалары мен көліктер соқтығысы.
Жуырда Шардара аудандық сотында жоғарыда аталған жол-көлік оқиғасына байланысты заңды бұзған «Н» есімді азаматқа қатысты аудандық соттың судьясы Ж.Е.Қарымсақов пен профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдердің және психолог, ұстаздардың қатысуымен сот процесі өтті.
Шараға жасөспірімдердің қатыстырудағы басты мақсат – жол көлік оқиғасына қатысты талапқа бағынбағандардың жазасы қандай болатынын ескерту және олардың алдын алу жолын ұғындыру. Құқықбұзушылықтың деңгейін азайтып, жастар арасындағы қылмыстың белең алмауына жағдай жасау.
Сот процесі барысында «Н» есімді азамат жылдамдықты белгілі бір нормадан арттыру, мас күйде көлік жүргізу, көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан жол-көлік оқиғасына себепкер болу салдарынан соттың үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Процесс барысында аудандық соттың судьясы Ж.Қарымсақов елімізде жол ережесін бұзғандарға айыппұл салынатынын, тіпті қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылатынын, қылмыстық Кодекстің баптарымен қудалатынын атап өтті.
Шара соңында жасөспірімдер арасында заңгер, сот мамандығын таңдап отырғандар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алып, осындай мәні мен маңызы бар шараның куәгері болғандары үшін аудандық сот пен ұстаздарына алғыстарын айтты.
Судья тараптан да ұрпақ тәрбиесіне үлкендер жауапты екендігі сөз етіліп, болашақ жастардың заңға қатысты тәрбиесіне үлкен мән берілді.
Бота Болатова.