7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл күн 1950 жылдан бастап 7 сәуірде аталып келеді.
Аталған шараға орай Шардара аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімінің алдында «Біз салауатты өмір салтын ұстанамыз» ұранымен медицина қызметкерлері осы күнгі жұмыстарын таңғы жаттығумен бастады.
Үнемі денені шынықтырудың өмір сапасын жақсартуда маңызы зор. Жүйелі дене белсенділігі көптеген аурулардың алдын алудың ең тиімді әдісі. Салауатты өмір салтын ұстану, дене белсендігін арттыру және дұрыс тамақтану – ұзақ өмір сүруге жол ашады.
Салауатты өмір салтын ұстану деген сөзді барлығымыз естісек те, ол қағидаларды ұстанып жатқанымыз өте аз. Дұрыс әрі уақытымен тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, көп қимылдау, көп жүру, таза су ішіп жүру, көкөніс пен жемістерді мол пайдалану, ет тағамдарын мөлшерінен тыс пайдаланбау керек. Сау адамдар жылына бір рет дәрігерге көрініп, түрлі тексерулер мен қараулардан өтіп отыруы керек. Профилактикалық тексерулерден өтіп отыру, анықталған ауруларды уақытында емдету – денсаулықтың үнемі мықты болып жүруіне септігін тигізеді. Ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуді әр адам өзіне мақсат тұтса нұр үстіне нұр болар еді.
Тек бір күн ғана емес, күнделікті дене қимылы мен белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстанайық.
Спорт – денсаулық кепілі!
«Өскен өңір» – ақпарат.