Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында жас таланттардан құралған өнер фестивалі өтті.
«Жаңа Қазақстан. Күшіміз бірлікте» деп аталған өнер додасы дарынды балаларды ынталандыруға, музыкалық мәдениет және өнерді жандандыру мен жаңа таланттарды қолдауға бағытталды.
Жасөспірімдер ортасында рухани әлеуетті көтеру және насихаттау, дарынды жастардың шығармашылық өсуіне жағдай жасау, жаңа талант көздерін ашу, олардың орындаушылық шеберліктерін арттыруды мақсат еткен сайысқа 15-ке жуық білім ошағынан өнерпаздар қатысты.
Өнер фестивалінде алғаш болып сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Амангелдіұлы: «Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Жастардың шығармашылық қабілетіне барынша қолдау көрсетуіміз керек» деген еді. Бүгінгі өткелі отырған өнер сайысы соның айқын дәлелі деп білемін. Жастарымыздың бойындағы дарынды қабілеттерін көпке көрсетіп, өздерін сайыста аша білуі өздерінің өмір жолындағы алғашқы қадамы деп есептеймін. Сондықтан да бүгінгі додада бақ сынағалы отырған оқушыларымызға барынша қолдау көрсетіп, демеп отырайық!» -деді.
Фестиваль шымылдығы Қ.Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектеп оқушыларының орындауындағы «Елге тілек» әнімен ашылып, мың бұралған бишілердің биімен жалғасты.
Өнер додасының әділ бағасын беріп, шынайы шешімін шығаратын қазылар алқасының құрамында облыстық қосымша білім беру орталығының әдіскері К.Қанбетқызы, осы орталықтың саз жетекшісі М.Айтов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің музыкалық білім кафедрасының аға оқытушысы, білім беру ісінің үздігі С.Сәбитқызы болды. Олар оқушылар сахналаған көріністердің жалпы құрамы мен тұтастығын, тақырып төңірегінде өтуін, музыкалық орындау дағдысын, интонация тазалығын, дыбыс сапасы мен сахна мәдениетін, идея ерекшелігі мен шығармашылық даралығын бағалады.
Нәтижесінде бас жүлдеге Қ.Сағырбайұлы атындағы ЖОМ ие болды. Бірінші орынды Қазақстан ЖОМ, Т.Айбергенов атындағы мектеп-лицейі, М.Горький атындағы ЖОМ жеңіп алды. Екінші орынға А.Әлімбетов атындағы ЖОМ, Шардара мектеп-лицейі, Қызылқұм ЖОМ, Жаушықұм мектеп-лицейі лайықты деп танылды. Ал үшінші орынға А.Иманов атындағы ЖОМ, Ж.Жабаев бастауыш мектебі, Сырдария ЖОМ ие болды.
Фестиваль соңында облыстық қосымша білім беру орталығының әдіскері К.Қанбетқызы іс-шараны жоғары деңгейде өткізген адами әлеуетті дамыту бөлімі қызметкерлері мен қолдау көрсеткен аудандық ішкі саясат бөліміне ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ фестиваль аясында жоғарыда аталған білім ошақтарының қолынан шыққан ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын этнографиялық көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Бота Өсербай.