Әне-міне дегенше қасиетті ораза айы да аяқталуға таяды. Алланың разылығы үшін ораза тұтып, ел мен жердің амандығын, ынтымақ, бірлігін тілеп жүрген жандардың тілегі қабыл болғай!
Рамазан айы келісімен көбіміз ауызашар беруге асығамыз. Ауызашар беру – мұсылман баласы үшін әрі парыз, әрі міндет. Ораза тұту – Исламдағы бес парыздың бірі болса, ал ауызашар беру – сауабы мол амал. Пайғамбарымыз: «Ораза ұстаушыны тамақтандырған адам (ауызашар берген) оның сауабын алады. Әрі оған ораза ұстаушының сауабы еш кемітілмей беріледі» деп сүйіншілеген.
Аптаның сәрсенбісінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбай өз отбасы атынан ауызашар беріп, дастарқан жайды. Руханият кешіне қала және ауылдық округтерден еңбек ардагерлері, ауыл билері, мешіт имамдары, ауыл әкімдері мен мекеме басшылары қатысты. Кешті аудандық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Асылхан қажы Данияров жүргізіп отырды.
Ауыз ашып алған жандар ақшам намазын оқып, Алладан елдің амандығын, жұрттың тыныштығын, береке-ырысымыздың артуын тілеп дұға етті. Мұнан соң дастарқан иесі мен кеш қонақтары сөз алып, Рамазан айының қадір-қасиеті жайлы мазмұнды пікірлер айтты. Аудан өнерпаздарынан құрылған топ «Жарапазан» әнін әсерлі орындап, тыңдармандарға көтеріңкі көіл күй сыйлады. Жыршы-термеші, ақын Қ.Дауылбаев «Бес парыз» атты термесін нақышына келтіре орындады.
Шариғатта келтірілген хадистерге орай ауыз аштырудың төрт түрлі сауабы барын айтуға болады. Олар:
1)Ораза ұстаушының сауабы беріледі.
2) Күнәлары кешіріледі.
3)Рамазан айы бойына періштелер ауыз аштырған кісіге Алладан жарылқау тілеп тұрады.
4)Тозақ отынан азат болады.
Ендеше ниет қабыл, мұрат асыл болсын!
Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!
Сәуірдің 17-сінен 18-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні екенін еске сала кетейік.
«Өскен өңір» – ақпарат.