Апта барысында аудан прокурорының бастамасымен «Ауыл – ел аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бөлініп жатқан несиелік бағдарламалар мен субсидиялық жеңілдіктер жайлы, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылау туралы ауыл тұрғындары мен шаруалар және ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив төрағаларымен дөңгелек үстел өткізілді.
Сонымен бірге жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шардара аудандық филиалының директоры Ж.Қамбаров, аудандағы құзырлы мекемелер өкілдері, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері, жұмыспен қамту орталығының мамандары, «Ырыс» МҚҰ аудандағы өкілі және кәсіпкерлер қатысты. Жиынды Шардара ауданының прокуроры Р.Әбдірайымов ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында сөз алғандар ауыл шаруашылық саласының өзекті мәселелерін түсіндіріп, тараптардан туындаған сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге түйіткілді деген мәселелер – минералды тыңайтқыштарды субсидиялау мен жеңілдетілген дизель отыны жөнінде, қыс және жаз мезгілінде бөлінетін ағынсуды оңтайлы мерзімде босату, ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан жеңілдетілген несиелер бойынша әңгіме өрбіді.
Аудан прокуроры кәсіпкерлерге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидаларына сәйкес кәсіпкерлерге ойларын еркін жеткізді және ұсыныстар мен өтініштер бақылаусыз қалмайтынын, тиісті жұмыстардың жүргізілуі өз бақылауында екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар әр айдың 19 жұлдызында дөнгелек үстел өткізуді ұсынды.
Сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан рұқсатнама құжаттарын алу кезінде, қаржы даму мекемелеріне құжаттарды дайындау барысында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары және оған жол бермеудің маңыздылығын ескертті.
Рүстем Пердебек.