Арамызда қиналған жандарға қол ұшын созып, жомарттық танытатын жандардың болғаны қандай жақсы! Көп жылдан бері баспаналы бола алмай жүрген көпбалалы отбасылар үйлі-баранды болып жатқандағы қуаныштарын айтсаңызшы...
Таяуда даңқты спортшы, аудандық мәслихаттың төрағасы Қарсыбаев Арман Романұлы жетекшілік ететін «Шардара-Армспорт» клубы жылдағы дәстүрлері бойынша қасиетті Рамазан айында 10 адамнан тұратын Сүлейменовтер отбасына қала орталығынан кезекті 4 бөлмелі үйді сыйға тартты.
Ерлі-зайыпты Сүлейменовтер бұған дейін 8 бала-шағасымен 1 бөлмелі пәтерді жалдап тұрып келген. Ораза айының соңғы онкүндігінде баспаналы болған жандар А.Қарсыбаевтың қайырымды ісіне мың да бір алғыс айтады. Кенже ұлының есімін Арман Қарсыбаевтай азамат болсын деп Арман қойған Сүлейменовтер отбасының қуанышында шек болмады.
«Қайырсыз адам – сараң, құм ішінде шөлмен тең, қайыры мол адам – суаты шалқар көлмен тең» дегендей, өңіріміздегі баспанасыз, аз қамтылған отбасыларға шамасы келгенше өз көмегін аямай, қол ұшын созып жүрген Арман Романұлына Алланың нұры жаусын деп тілейміз.
Баспаналы болған жандардың үйі бақыт пен шаттыққа тола берсін дегіміз келеді.
Өз тілшімізден.