Адам өмірінде мамандық таңдау – аса маңызды. Оңы мен солын танып үлгермеген мектеп оқушылары мамандығын дәл таңдайды деп айтсақ, артық айтқандық болар еді.
Сондықтан жастар мамандық таңдауда көбіне ата-аналарымен ақылдасып, бір шешімге келіп жатады. Мұндайда жастарға қандай көмек болса да артықтық етпейтіні ақиқат. Осыны жете түсінген Шардара мектеп-лицейінің педагог-психологы Жұмабаева Феруза мега тренинг байқау ұйымдастырды.
9-11 сыныптар аралығын қамтыған «Мамандық таңдау – маңызды іс» атты шарада оқушылар түрлі мамандық иелерін сомдап, топ болып, 4 кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ, сұрақ-жауап, мамандық иесімен сұхбат жүргізу бойынша бейнеролик, топтарын таныстыру, әр топқа анықтама беру арқылы алуан мамандықтың қыр-сырына қанықты.
Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі заңгер, экономист және халықаралық қатынастар мамандығын таңдауға бейім тұрады. Аталған мамандықтар өмірімізде кең тарағаны белгілі. Елімізде жастардың заңгер және экономист мамандығын көп оқығанымен қоғам өз саласын жетік білетін заңгер мен экономистке жарымай келе жатқаны жасырын емес. Мұны тренинг байқауға әділ баға беруге келген қазылар алқасы жасырмай айтты.
Алқа құрамында мектеп директоры Жанат Сапаров, директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары Қалшабеков Сембай, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Бота Нұрполатқызы, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Динара Мәметовалар болды.
– Қазіргі таңда әлемде жахандану үрдісі жеделдеп, өміріміз күрделеніп, күн сайын неше түрлі мамандықтар пайда болып жатыр. Олардың бәрін мектеп бітіруші түлектер білмейді. Біз 9-11 сынып оқушыларын әңгімеге тартқанымызда, олар Ұлттық бірыңғай тест төртінші пәнді таңдаған кезінде мамандық таңдау мәселесімен бетпе-бет келетіндерін жасырмай айтты, – дейді Шардара мектеп-лицейінің директоры Жанат Әуелтайұлы.
Қоғамда қай мамандық тапшы, әр сала бойынша қазіргі таңда кімдер мықты, өз мамандығының нағыз иесі болған кімдер? Міне, осы тақырыпты қамтыған тартымды да тартысты сайыстың нәтижесі бойынша 1-ші орынды 9 "Ә" сыныбынан құрылған топ жеңіп алса, 2-ші орынға 9 "Г" сынып оқушылары ие болды. 9 "В" сынып оқушылары 3-ші орынның жеңімпазы атанды.
Шара соңында мектеп директоры мен қазылар алқасы М.Шахановтың «Махабатты қорғау» туындысын керемет орындап шыққан оқушыны дайындаған Феруза Жұмабаеваның шығармашылығын жоғары бағалап, ерекше алғысын білдірді.
Мамандық таңдау деген – өзің айналысқың келетін жұмысты таңдау ғана емес, өзің араласқың келетін ортаны да таңдау. Сондықтан да орталарыңызды осы бастан дұрыс таңдап үйреніңіздер, жастар.
Өз тілшімізден.