21 сәуір күні аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Ш.Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай «Көркемсөз оқу шеберлерінің» аудандық байқауы өткізілді.
Байқаудың мақсаты – еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көркем әдебиетті, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау, ел бірлігін нығайту және қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнеріне, әдебиеті мен тіліне деген көпшілік ықыласын арттыру, жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту.
Аталған өнер жарысына ауданымыздан 15 үміткер қатысып, бақ сынасты. Байқау екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңде үміткерлер Шәкәрімнің поэзиялық шығармаларынан үзінді оқыса, екінші кезеңде кез келген ақын-жазушылардың прозалық шығармаларынан үзінді оқыды. Олардың өнерін құрамында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ғайша Төребаева, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лаханов, аудандық мәдениет сарайының жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Сәкен Бегмановтар болған қазылар алқасы сараптап отырды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар да анықталды. Байқаудың бас жүлдесін М.Горький атындағы ЖОМ мұғалімі Жанар Оңғар жеңіп алды. С.Кәттабеков ЖОМ кітапханашысы Әйгерім Тұрысбек 1-орынға ие болды. Ұзын ата ЖОМ оқушысы Арайлым Асан мен Қ.Аманжолов атындағы ЖОМ оқушысы Дана Бекболатова екінші орынды бөлісті. М.Әуезов атындағы ЖОМ оқушысы Ақерке Жылқыбай мен Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназия оқушысы Гүлнар Құттымұрат жүлделі 3-орынды иемденді. Өзге қатысушылар арнайы номинацияларға ие болды.
Бас жүлде иегері облыстық байқауға жолдама алды.
Өз тілшімізден.