Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Қазақтың көркем тілі – көркем әдебиетінде. Әлемдік әдебиетпен қашанда білімімізді шыңдап, ізденуден жалықпай оқи берген абзал. Өйткені қазіргі қазақ қоғамының алдында жас ұрпақты кітапқа, оның ішінде қазақ тіліне аударылған әлем әдебиетін оқуға баулу мақсат етілді.

Түркістан облысының мәдениет басқармасы және Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының бастауымен әлем әдебиетінің үздік шығармалары мен ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік туындыларды оқу және насихаттау мақсатында Шардара аудандық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет сарайында ең көп кітап оқитын оқырман балалар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты облыстық байқаудың іріктеу кезеңі өтті.

Байқауда қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты повесі және ұлыбританиялық жазушы Джоан Роулингтің «Гарри Поттер» шытырман оқиғасы арқау болған шығармалар талданды. Рухани бай болу мен патриоттық тәрбие беру бағытындағы байқауға кітапхана оқырманы болып тіркелген 11-17 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты.

Байқауда алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев ғасырдан астам уақыт өтсе де, Б.Соқпақбаев қалдырған мұра халыққа рухани азық болып отырғандығын тілге тиек етті. Оның өміршең шығармасы мен балалар әдебиеті әрбірімізге тәлім-тәрбие беретін, өзіндік оң пікір қалыптастырып, сауаттылыққа жетелейтін баға жетпес байлық екеніне тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, байқаудың мәні мен мағынасына терең үңіліп, сахна мәдениеті мен тақырыптың ашылуына әділ бағасын берген қазылар алқасы құрамында облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Дана Хантөреқызы, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, аудандық мәдениет сарайының жастармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Сәкен Бегмановтар болды.

Үміткерлер байқауда 3 кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезең «Кітап әлемді бағындырады» деп аталды. Бұл кезеңде үміткерлер Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» атты шығармасына зерттеу жұмысын жүргізді. Екінші кезең «Оқы және бөліс» деп аталды. Бұл кезеңде Роулингтің "Гарри Поттер" туралы романы бойынша бейнекөрініс немесе қойылым  көрсетті. Ал «Менің отбасым және кітапхана» атты соңғы кезеңде кітапхана мен отбасын байланыстыра отырып, кітап оқу дәстүрін насихаттап, бейнеролик көрсетілді.

Қазылар алқасының шешімімен байқауға қатысқан талантты 10 оқушының ішінен оза шауып, облыстық байқаудың финалына Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияның 10 сынып оқушысы Берік Мақтым жолдама алды. М.Қалмырза атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы Сымбат Темірханова І орынды, Жаушықұм мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Гаухар Шекербек пен Егізқұм ЖОМ 10 сынып оқушысы Роза Жүніс ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Ақалтын ЖОМ-ның 10 сынып оқушысы Болат Бәкір мен Қоссейіт ЖОМ 10 сынып оқушысы Сабина Әнуаровалар ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Барлық қатысушылар арнайы дипломдармен және түрлі номинациялармен марапатталды.

Бота Болатова.