Биыл қазақтың ардақты ұлдарының бірегейі, ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толса, қазақтың қайсар ұлының есімін иеленген біздің мектептің құрылғанына 50 жыл толды. Біздер үшін қуанышты қос мереке кешегі аптада аталған білім ордасында сән-салтанатпен аталып өтті. 

Біздің қос бірдей қуанышымызға жиналған қонақтардың қарасы қалың болды. Олардың қатарында аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, қала әкімі Олжас Айдосов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Дариға Нұсқабаевалармен бірге еңбек ардагерлері, ауыл билері, ардагер ұстаздар, мектепті әр кезеңде бітірген түлектер, қазіргі таңда осында еселі еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен шәкірттер бар.

Мерейімізді асырған іс-шара мектеп алдына орнатылған А.Имановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.  Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік  Әнұраны  шырқалған соң думанды шара басталып та кетті.

Шара барысында жоғарыда аттары аталған басшылар, ардагер ұстаздар сөз алып, А.Иманов жайлы кеңінен баяндады, батыр атындағы мектептің тарихына шолу жасады.

Біздің мектеп 1972 жылы құрылған. Білім ошағының артына  қалдырған  ізі  де, тарихы  да  аз  емес.  Шардара  қаласының  шыға  берісінде Жібек жолы даңғылының бойында орналасқан мектеп алғаш төртжылдық  бастауыш  қазақ-орыс  мектебі  болып  ашылған  екен. 1975 жылы оқушылар санының артуына байланысты сегізжылдық, 2001-2002 оқу жылынан бастап орта мектеп  болды.

Осы жылдар аралығында мектебімізге небір білікті басшылар басшылық жасағанын көреміз. Атап айтар болсақ, 1975-1980 жылдары  КСРО  «Білім  беру  ісінің  үздігі» Хамза  Әлімқұлов, 1980-1984 жылдары Датқа  Жораев, 1984-1991 жылдары Жылқыбай Сыздықов, 1991-2002 жылдары  Жайынбай Айтбаев, 2002-2009 жылдары Жалғас Нұрымбетов, 2009-2018 жылдары Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» Нұрғали  Ибрайым, кейіндері Еркін Ақбердиевтер басшылық  етті. Ал  қазіргі  таңда  мектепке тәжірибелі ұстаз Байбашов Садықбек Әзімханұлы басшылық  етуде.

Мектебіміздің бүгінгідей жоғары деңгейге көтерілуіне ардагер ұстаздарымыз зор үлес қосты деп білеміз. Олардың қатарында Сапаркүл Құтымова, Рабиға Кулибаева, Шаштыгүл Әшірбекова, Гүлзипа Мұсаханова, Алтынай Бахы, Сұлукүл Асылбекова, Жанат Айдарбекова, Сұлухан Ақмаңдаева, Ләззат Құлмағанбет және басқалары құрметті қонақтардың қатарынан орын алып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. 

Осындай білікті де білімді жандардан тәлім алған елге танымал шәкірттерімізбен мақтансақ жарасымды болмақ емес пе? Күрестен Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы болған Бақдәулет Абызовты, қол күресінен екі дүркін Әлем чемпионы атанған Ұлықбек Құралбаевты, гір тасын көтеруден Әлем чемпионатының 2-орын иегері Қуаныш Ерасылды, көпшіліктің сүйікті актеріне айналған Дәулет Бижановты, ақын, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Ұлмекен Лесбекті «Біздің мектептің түлектері» деп мақтаныш сезіммен атап өткіміз келеді.

Осы шараның жоғары деңгейде өтуіне мектебімізді 1990, 1991, 1987, 1982, 1977, 1976, 1980 жылы бітірген түлектер атсалысты. Олардың ішінде мектепті 1980 жылы бітірген Жәнібек Құшниязов мектеп кітапханасына кітаптар тарту етті.

Батырдың рухына бас иіп, біздің қуанышымызды бөліскен жандардың барлығына мектеп ұжымы атынан алғыс айтамыз. 

Жаңылай Идирисова, А.Иманов атындағы ЖОМ ұйымдастырушы-педагогы.