Аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған «Ұлы Дала перзенті» атты облыстық жазба ақындар мүшәйрасы өтті.

Айта кетейік, байқау мақсаты – Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Сұлтан Бейбарыстың жеке тұлғасын ұлықтау, өмір жолдарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, өскелең буынды ұлтжандылыққа тәрбиелеу және поэзия өнерін дамыту, насихаттау, халыққа танылмай жүрген ақындарды анықтау, қолдау көрсету және облыстық, республикалық жыр-мүшәйраларға қатысуын қамтамасыз ету болып саналады.

Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жыр додасын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Екі кезеңнен тұрған жыр додасына жалпы 21 адам қатысуға өтініш білдіріп, оның ішінде 18 ақын өзара бақ сынасты. Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын  Айдар Сейдәзім, облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы, ақын Мұқағали Кенжетайұлы, Шардара аудандық «Өскен өңір» газетінің редакторы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бірлестіктің» төрағасы, ақын Сәбит Лахановтар қазылық етіп, Ұлы Дала перзентіне арнауы мен еркін тақырыпта өз шығармаларын ұсынған ақындардың үздігін анықтады.

Қазылар алқасының шешімімен Түркістан қаласынан келген Арқалық Әмәлият жыр бәйгесінде оза шауып, бас жүлдені (150 000 теңге) иемденді. Ал Отырар ауданынан қатысқан Бауыржан Ерман І орынды (120 000 теңге) қанжығасына байласа, шардаралық Бекжұма Нарбай мен келестік Қанат Жолдасбеков ІІ орынды (әрқайсысы 100 000 теңгеден) иеленді. Сондай-ақ жүлделі ІІІ орын Түркістан қаласынан келген Үмітбек Бағдат, Жетісай ауданынан келген Сапархан Арыстанов пен Отырар ауданынан қатысқан Нұрғали Сердалиевтерге (70 000 теңгеден) бұйырды.

Сонымен қатар түркістандық Әйгерім Жұмабаева облыстық мәдениет және туризм басқармасының, Мейір Оразғалиев облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының, шардаралық Ақбота Өсербай Шардара аудан әкімінің арнайы жүлдесін, төлебилік Жезмарал Байтуова аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы жүлдесін иеленді. Кентаулық Аңсар Мелдеханов «Әмірхан Балқыбек атындағы», арыстық Шынар Сәрсенбаева «Құдайберген Өтеш атындағы», мақтааралдық Әбдіразақ Сүлейменов «Жұмабек Мұқанов атындағы», түлкібастық Тұрысбек Келісбетов «Ниятолла Сейдан атындағы», қазығұрттық Жәмила Нәлібаева «Құрбанбек Шәметов атындағы», түркістандық Ілияс Мәжитұлы «Жиенбек Шырынбекұлы атындағы» жүлделерге ие болды.

Өз тілшімізден.