7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде атап өтілді.

Мерекелік шараға аудан әкімі Қ.Жолдыбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудан прокуроры Р.Әбдірайымов, ҰҚК Шардара аудандық бөлімінің басшысы Н.Төлегенов, аудандық ПБ бастығы Ш.Әбдіраманов, аудандық орталық мешітінің бас имамы М.Асанов және тыл ардагерлері, қала, ауыл әкімдері, депутаттар, бөлім басшылары мен өзге де мекеме қызметшілері мен тұрғындар қатысты.

Шарада алғаш сөз алған аудан басшысы Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйледі.

«Құрметті жерлестер, сіздерді  9 мамыр – Ұлы  Жеңістің 78 жылдығымен және  7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Жеңіс  күні  мерекесі  батырлардың  даңқты рухын ардақтап,  Отанға адал қызмет етуді айқындайтын айтулы күн.

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай мерт болды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы бүгін аңызға айналды. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста біздің жерлестеріміз қайсар ерліктің үлгісін көрсетіп, есімдерін тарих бетіне алтын әріппен жазды.

Майданда қаза тапқан әрбір қандасымыздың ерлігі мәңгі жадымызда. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!» – деді аудан әкімі.

Аудан басшысы салтанатты түрде аудандық қорғаныс істер бөлімі басшысының орынбасары Т.Байменов, ҰҚК Шардара аудандық бөлімі басшысы Н.Төлегенов сынды қорғаныс және ел қауіпсіздігі үшін ерен еңбек атқарып жүрген бір топ азаматтар мен осы саланың ардагерлеріне Алғыс хаттар мен арнайы наградалар тапсырды.

Шара барысында Қ.Жолдыбай әскери борышын өтеп келген жас сарбаздарды да Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Сонымен қатар аудандық қорғаныс істер бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т.Байменов құттықтау сөз сөйлеп, ұзақ жылдар қорғаныс саласында қызмет еткен және қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыстады.

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар патриоттық әндер орындап, қойылымдар қойды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.