Адамзат тарихында өшпес орын алған екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 78 жыл толды. Бүгінгі ұрпақ сол соғысқа қатысқан майдангерлерге, жеңісті жақындатуға үлес қосқан тыл еңбеккерлеріне мәңгілік қарыздар.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша майдангерлерге құрмет көрсету, оларды еске алу, жанқиярлық ерліктерін насихаттау шаралары кеңінен қолға алынып келеді. Таяуда осындай шараның бірі Қоссейіт ауылында болып өтті.
Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай «Майдангерлерге мың тағзым» атты шараға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов, ауыл әкімі Нұрбол Жайнар бастаған әкімдік қызметкерлері, ауылдағы екі мектептің басшылары мен мұғалімдері, ауыл тұрғындары мен «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» ардагерлері» республикалық бірлестігінің мүшелері қатысты.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов, ауыл әкімі Н.Жайнар, «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» ардагерлері» республикалық бірлестігі облыстық филиалының кеңесшісі А.Бидасов, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әлібай Көбеновтер сөз алып, Жеңіс күнінің маңызына, ардагерлердің ерлік жолдарына кеңінен тоқталды.
Мұнан соң «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы мен Варшава келісімшарты әскерінің тобы» ардагерлері» республикалық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Қалнияз Сүйесінов, филиал төрағасының орынбасары Маралбай Балтабаевтар сөз алып, ұйым мүшелерінің бірқатарына медальдар мен Алғыс хаттар табыстады.
Қайбір жылы ауылдық мәдениет үйі алдынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылған болатын. Осында орнатылған ескерткіш тақтаға ауылдан майданға аттанып, елге оралмаған 100-ге жуық боздақтардың аты-жөндері жазылған. Олардың ұрпақтары әрдайым осында келіп ата-баба рухына тағзым етіп тұрады. Жоғарыдағы жиынға қатысушы қонақтар аталған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті. Маңызы зор мәдени шараның соңында мектеп оқушылары патриоттық әндер айтып, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Осы күні түс әлетінде ауылдық мешітте дастарқан жайылып, ас үстінде ауыл имамы Нұрахмет Бижігітов майдан даласында қалған, бертін келе өмірден өткен барша соғыс ардагерлерінің рухына құран дұға бағыштады. Ауыл әкімі, ақсақалдар, ардагерлер сөз алып, мұндай шараның өскелең ұрпақ үшін маңызы зор екенін атап өтті. Осы ауылдан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Тимур Қалиев аталған шараға белсене қатысқан бір топ ауыл азаматтарына аудандық мәслихаттың Алғыс хатын табыс етті.
Осы күні ауылдық қоғамдастық кеңес мүшелерінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 78 жылдығына «Жеңіс туы, желбіре!» атты футболдан ауылдық біріншілік өткізілді. Ойынға ауыл жастарынан құрылған 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
–Ауыл шетіндегі стадион 1990 жылдардан бастап қараусыз қалған еді. Жан-жағындағы қалың қара тал оталып, қақпалары құлап, айналасындағы жерлер тұрғын үй салу үшін беріліп, стадион мүлде пайдалануға жарамай қалған болатын. Біз таяуда ауыл белсенділерін жинап, кәсіпкерлерді тартып, осы стадионды қалпына келтіруге кірістік. «Көп түкірсе – көл болар» дегендей, қаржы жинап, стадионды қайта сүргізіп, тегістеп, қақпаларын орнатып, ретке келтірдік. Осы іске белсене кіріскен аудандық мәслихат депутаты Т.Қалиевке, жанашырлық танытқан ауыл азаматтарына мың да бір алғыс айтамын. Бұған дейін ауыл жастары доп ойнағылары келсе аудан орталығындағы алаңдарға барып, ойнап келетін. Енді жастарымыз осында жаттығып, алаңсыз доп тебетін болады, – дейді таяуда ғана ауыл биі болып сайланған Бауыржан Төлегенов.
– Мен мектеп бітірісімен ауылдан шалғай кеттім. Ол кезде ауыл ажары айрықша еді. Стадионда күнде ойын болып жататын. Кешегі жағдайы көңілді құлазытты. Биыл жігіттермен ақылдаса келе, стадионды жөндеуді қолға алдық. Ауыл азаматтары барынша үлес қосты. Ендігі жерде осы стадионды қоршап алуымыз керек. Бұл мәселені аудан басшыларына айттық. Аудан әкімі қаржы қарайтын болды. Таяуда мәслихат бекітсе, ол жұмыс та жүзеге асайын деп тұр, – дейді аудандық мәслихат депутаты Т.Қалиев.
Таңертең басталған ала доп аламаны күн ұясына батарға дейін созылып, тартысты да қызықты өтті. Барлық ойында жеңіске жеткен «Восход» құрамасы бірінші орынды жеңіп алды. «Қоссейіт» құрамасы екінші орынға лайық деп танылды. «94-жылғылар» командасы жүлделі үшінші орынды иеленді. Мектеп оқушыларынан құрылған «Сырдария» командасы да өте әдемі ойын өрнегін көрсетті. Оқушылардың ойынына қызыққан ауыл тұрғындары оларға арнайы жүлде тағайындады.
Редакциядан: Мақаланың тақырыбын «Ынтымағы жарасқан ауылда» деп атауымыз тектен-тек емес. Ауылдың белсенді азаматтары бұдан бөлек бірнеше игі істерді қолға алып отыр. Осы ауылдағы мешіт аудан көлеміндегі ең алғаш тұрғызылған мешіттердің бірі. Оның да тұрғызылғанына 30 жылдан асты. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының ұйымдастыруымен осы мешіт жанынан үлкен, заманауи үлгідегі зәулім мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Тұрғындар хәл-қадірінше қаржы қосып, қол көмегін де аямауда.
Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының ауызбіршілігімен ауылда спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұл істің жауапкершілігін күрес саласы бойынша біршама жетістіктерге қол жеткізген спортшы, әрі жаттықтырушы Нұрбол Шайманов деген азамат өз мойнына алыпты. Балуанға ауыл белсенділері зор демеу көрсетіп отыр екен.
«Бірлік қылмай ел оңбас, тірлік қылмай ер оңбас» деп бабаларымыз бірлік пен тірлік қағидаларын өсиет етіп қалдырғандай, адам қай қоғамда өмір сүрсе де оның толыққанды өмір сүруі үшін бекем бірлік пен өзара сыйластық қағидалары ауадай қажет. Дана бабаларымыздың өсиетін темірқазық етіп ұстанып, қағидалы сөздің мағынасына терең үңілген қоссейіттіктердің берекелі тірлігіне тәнті болдық.
Қазақ елін алып бәйтерекке теңесек, еліміздің ырыс, ынтымағын арттырып отырған ауылдар сол бәйтеректің мәуелі бұтақтары іспетті. Қоссейіттіктерге ырыстарыңыз еселеп артсын дегіміз келеді.
Сәбит Қоспанұлы.