Бүгінгі таңда әлеуметтік желіге тәуелді жасөспірімдер санының азаймай отырғаны қоғамда алаңдаушылық туғызып отырған көкейкесті мәселе. Әсіресе, әлеуметтік желілердің жас аудитория үшін кері әсерін тигізіп отырғанына мамандар әркез дабыл қағумен келеді.

Интернет кеңістікті дұрыс пайдаланбаудың салдарынан жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көрсеткіштерінің азаймай отырғандығы алаңдатады. Осы мәселе төңірегінде апта барысында "Жасөспірім және заң" тақырыбында мектеп оқушыларының ата-аналарымен кең көлемде жиын болып өтті.

Жиынның мақсаты – балалардың тұлғалық дамуына және олардың болашағының дұрыс түзілуіне жағдай жасау, төтенше жағдайлардың алдын алу.

Аталған шараға аудандық прокуратура өкілдері, жергілікті полиция қызметі, жергілікті төтенше жағдай қызметі, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен жауапты қызметкерлері, жергілікті мәслихат депутаттары, діни мекеме қызметкерлері, мектеп директорлары, ата-аналар комитетінің төрағалары мен төрайымдары және ата-аналар қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Мемлекет басшысы өз Жолдауларында жастар болашағына үлкен сенім артатынын үнемі айтып келеді. Жаңа Қазақстанды жаңаша құру жастардың қолында! Тәрбие, білім, ғылым бар жерде құқықбұзушылыққа жол жоқ. Тәрбиеге әсер беретін, ата-ана тәрбиесі мен өскен ортасы. Отбасының тәрбиесі мықты бекімесе, өскен орта тәрбиесіне тез бейімделетіні анық. Тәртіпке бас иген елдің азаматтары ғана жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстанды жасай алады. Өйткені кемелденген мемлекет кемелді жастардың қолында» – деді.

Жиын барысында «Құқықбұзушылық әрекеттерге қандай бала барады?», «Бесіктен белі шықпай жатып, теріс қадамға баруына не себеп?», «Жастардың ажырасуы неге белең алып барады?», «Төтенше жағдай орын алса ата-ана қандай әрекет жасауға тиіс?», «Психологиясы бұзылған баламен жұмыс жасау барысы қалай болмақ?», «Баланың тұлға болып қалыптасуына кім жауапты?», тағы басқа сауалдар қойылып, тиісті мамандардан нақты жауап берілді.

Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы А.Сапарбекқызы,  аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің психолог әдіскері Д.Мәметова, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Ә.Атанбековтер жоғарыда аталған тақырыптар бойынша баяндама жасаса, Түркістан облысы білім саласы ардагерлерінің төрағасы Н.Тасболатұлы, Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің директоры Е.Ақбердиев, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Ілесбекқызы, аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Ж.Зияшқызы және облыстық дін мәселесін зерттеу орталығының теологы Д.Амановтар жарыссөзге шығып, тәрбиесі тереңге жайылған толыққанды отбасынан зиялы азаматтардың шығатынына күмәніміз жоқ. Ал тәрбие бар жерде құқықбұзушылыққа жол жоқ, – деп дүйім жұртты бала тәрбиесіне жастайынан мән беріп, оған көп көңіл бөлуге шақырды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлы: «Шаңырақ көтеріп, баланың бал қызығымен отбасылық өмірді енді ғана бастап келе жатқан отбысының екіге айырылысуы – бала психикасына кері әсер ететіні сөзсіз. Баланың ішкі әлемінде сыртқа айта алмайтын сырларының жиналуы да, теріс қылықтарға жол беретіні де осындай жағдайлардан келіп шығады. Екі жақты мейірім көрмеген бала мейірімге мұқтаждық тауқыметін бастан кешіп, сыртқы әлемнен мейірім іздейді. Отбасы бүтін бола тұра әлеуметтік жағдайының төмендігінен де жаман әрекеттерге баратындары да жоқ емес. Ата-анасынан қысым көрген балалар да теріс әрекеттерге бой алдыруда. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, Ұлжанның ақ сүтімен, Зеренің зерделі ертегілерімен сусындаған кешегі Абайдай  қазақты тәрбиелеуде әжелеріміз бен аналарымыздың алатын орны ерекше. Өмір бойы әкесінің жұмбағын шешуге бар күш жігерін сарп еткен Абайдай ұрпақты тәрбиелеу әрбір әкенің парызы деп білемін. Сондықтан бүгінгі жиынға келген барша ата-аналарға, ата-әжелерге айтарым – баланың дұрыс болашағы үшін бірге жұмыс жасайық! Өскелең ұрпаққа дұрыс жол сілтейік!» – деді.

               Бота Болатова.