Апта барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Ержан қажы Төлепов Шардара ауданына арнайы іссапармен келді. Облыс имамын Шардара ауданының әкімі Жолдыбай Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қабылдап, діни ахуал жайлы кең көлемде әңгіме-сұхбат құрды.
Аудан басшысы кездесу барысында діни ахуалдың тұрақты екенін айтып, соңғы жылдары бірлігі бекем ауданда атқарылған жұмыстар ауқымды екенін жеткізді.
Сонымен бірге, аудандық орталық мешіт жанынан бой көтеріп жатқан медресе құрылысын атап өтіп, діни білім алуға ниетті жастар үшін арнайы білім алатын мекеме болатынын атап өтті.
Кездесуде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша бас имамы Төлепов Ержан қажы Сматұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Өтпенов хазреттің сәлемін жеткізді. Дін мен дәстүрді ұштастырып жұмыс жасаудың тиімділігі зор екенін айтты.
Облыстың бас имамы діни басқарманың игі бастамаларына қолдау білдіріп, жанашырлық танытып келе жатқан аудан басшысына ризашылығын білдірді.
Ержан қажы Сматұлы осы күні аудандық ардагерлер кеңесінде болып, ардагерлермен емен-жарқын жүздесті. Ардагерлер қауымы да ауданымызда діни ахуалдың тұрақты екенін айтып, осы саладағы мамандардың жұмыстарына риза екендерін жеткізді.
Мұнан кейінгі кездесу аудандық орталық мешітте жалғасын тапты.
Өз тілшімізден.