Дертімен күрескен жандар дәріханаға жиі баратыны рас. Шалғай ауылдарда тұратын жергілікті халықтың бір қорап дәрі үшін аудан орталығына немесе қалаға шабылатыны да анық. Бұл ретте, аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Доктор+» дәріханасы ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.

Дәріхананың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген білім беру ісі аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы, аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ұлықбек Назарұлы: «Қай дәріхананың алдына барсаңыз да ұзын-сонар кезек. Кейбір дәріханалар есігіне бірнеше дәрінің жоқ екенін жазып, ескертпе қойған. Парацетамол мен аспиринге зар болған жұрт сол бір уақытта дертіне шипа болар дәріге зәру еді. Ауданымызда анықталмаса да өзге өңірлерде осы тапшылықты пайдаланып, дәрі бағасын бірнеше есеге шарықтатып жібергендер кездесті. Мемлекеттің басты байлығы – халық. Елдің саулығы, әл-ауқатының жақсы болуы деннің саулығына байланысты. Бүгінгі ашылып отырған дәріхана сіздер үшін керегін таба алатын, жанына шипа іздеген әрбір тұрғын үшін жақсы жаңалық болмақ» – деді.

Аудандық орталық аурухананың лор дәрігері Әлиакбар Көзжанов, жеке кәсіпкер Нұрлан Әлиев, аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі Ұлықбек Жұмановтар дәріханының лентасын қиып, халық сұранысына ие дәріхананың ашылуы аудан тұрғындары үшін қуанышты жайт екендігін атап өтіп, «Халықтың саулығы – мемлекеттің байлығы, қашанда салауатты сау болайық, дәріхана жұмысына тек сәттілік тілейміз» – деп, ізгі тілектерін жеткізді.

Дәріхананың ашылу салтанатына аудандық орталық аурухананың дәрігерлері мен мейірбикелері түгелдей қатысып, жанға шипа дәріхана ашып отырған ортопед, хирург дәрігер Жаңабай Оразбайұлына ақ тілектерін айтып, құттықау сөз сөйледі.

Айта кетейік, мұнда дәрі бағалары қолжетімді. Зейнеткерлер мен мүгедектерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған.

Бота Нұрполатқызы.