Биылдан бастап 1 маусым – алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жылдың мәреге жеткен күні. Бұл күн – шәкірттеріміз ұстазының қасында соңғы рет шәкірт болып, үлкен өмірге қадам басатын күн, ата-анамыз «ұлым ер жетті, қызым бой жетті» дейтін, ата-әжелереміз ақ жол тілеп, ақ батасын беретін күн.
Шардара мектеп-лицейінде кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз бүгінде ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қимай-қимай қоштасты.
Мектептің толғанысты да қимас сәті мен қуанышын бөлісу үшін аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Дариға Нұсқабаева, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аналар кеңесі, қоғамдық ұйымдар және осы мектепте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, демалысқа шыққан зейнеткер ұстаздар арнайы қонақ болып келді.
Түлектердің алтын ұяларымен қоштасу кешінде алғаш болып сөз алған мектеп директоры Жанат Сапаров: «Қоңырау – мектеп өміріндегі құлаққа жағымды, шәкірт жүрегінде сақталатын ұмытылмас үн. Жүрегіміз дүрсілдеп, өмірдің екінші сатысына қадам басқалы тұрған мынау шәкірттерімізді біз де қимай тұрмыз. Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебіміздің түлектері бүгінгі салтанатты жиында балалықпен, мектеппен қоштасқалы тұр. Сіздерге сәтті сапар тілеймін», – деп кешті ашып берді.
Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Сіздер бүгін мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, сіздердің сапалы білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда, сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін» – деп, бітіруші түлектерге ақ тілегін білдірді.
Салтанатты кеш мектеп бітіруші 11 сынып түлектерінің сынып жетекшілерімен қол ұстасып, әсем әнмен ортаға шығуымен басталды. Сондай-ақ, мектеп бітіргеніне 20 жыл болған түлектер де келіп, кештің көркін кіргізді. Одан әрі мептептің мақтаныштары марапатталып, салтанатты кеш әсем ән мен түлектердің әдемі вальсімен жалғасты.
Айта кетсек, биыл 1257 түлек мектеп бітіруде. Оның 72-сі «Алтын белгіге», 88-і «Қызыл аттестатқа» үміткер. ҰБТ-ға өтініш бергендер саны 1154 оқушы. ҰБТ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді.
Өз тілшімізден.