Бала – өмірдің жалғасы, елдің болашағы. Әрбір баланың тәтті қылығы, тыныш ұйқысы, алаңсыз күлкісі маңызды.
Жыл сайын 1 маусымда әлемнің түкпір-түкпірінде балаларды қорғау күні аталып өтеді.
1949 жылы Парижде өткен әйелдер конгресінде екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан жетім қалған балалардың мәселесі көтерілген еді. Ал 1950 жылы 1 маусымда балаларды қорғау күні ретінде алғаш рет мереке ұйымдастырылды. Жаңа бастаманы басқа елдер қолдап, бұл күн балалардың мерекесіне айналды. Қазіргі таңда балаларға қатысты қысым көрсету мен зорлық-зомбылықты тоқтатуға, бүкіл әлем балаларының өмірін жақсартуға бағытталған ауқымды істер жалғасын тауып келеді.
Аталған мереке қала әкімі аппараты тарапынан «Қазыбек» тойханасында ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ел болашағының жарқын болуы әрбір отбасының шаңырағын шынайы қуаныш пен жылулыққа, махаббат пен мейірімге толтыратын өскелең ұрпақтың қолында. Осы себепті де балалардың құқығын қорғап, өмірлерін сақтандырып, оларға бақытты ғұмыр сыйлау арқылы ертеңгі күнге жетелеу – әр отбасы мен мемлекетіміздің жауапкершілігінде.
Балаларымыз бақытты болсын!
Шардара қаласы әкімінің баспасөз қызметі.