Кеше «Балаларды қорғау күніне» орай Ұзын ата ауылындағы «Қуаныш» балабақшасындағы бүлдіршіндер үлкен қуанышқа бөленді. Жеке кәсіпкер Даулет Бектасовтың демеушілігімен балабақшаға түрлі ойыншықтар табысталды.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев балаларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
«Өмірде бүлдіршіндердің қуанышына жететін бақыт жоқ деп білемін. Бала – болашағымыз. Бүгінгі мерекеге орай бүлдіршіндерді қуантып, «Қуаныш» бөбекжайына ойыншықтар тарту етіп отырған Дәулет бауырымызға алғыс білдіремін.
Сонымен қатар балалардың тәрбиелі, қуанышты күйде өсуі балабақша ұжымына тікелей байланысты. Сондықтан балаларды қорғау мерекесі – балаларды тәрбиелеуші жандардың да мерекесі. Бүлдіршіндеріміз үлкен азамат болып, еліміздің тұтқасын ұстайтын тұлға болсын» деп ыстық лебізін білдірді.
Сондай-ақ, өзге де ел ағалары мен ата-аналар сөз сөйлеп, одан әрі балалар мерекелік көңіл-күймен өнерлерін ортаға салды.
Р.ПЕРДЕБЕК.