Мамыр айының соңында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен шежірелі Созақ өңірінде «Ұрпақ тәрбиесіндегі бетбұрыс» деген тақырыпта облыстық семинар өтті.
Аталған жиынға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков бастаған бір топ шардаралық ардагерлер де қатысты.
Семинардың мақсаты – ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді сақтай отырып, ұрпақ тәрбиесін жандандыру, ұрпағымыздың рухани әлеуетін, ұлттық бейнесін сақтап қалу.
Жиын барысында хабарлама жасаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов: «Сіздер мен біздер «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында көптеген жылдар бойы түрлі шаралар өткіздік. «Әжелер алқасы», «Әкелер мектебі» құрылды. Конференция, «Дөңгелек үстел», семинарлар, пікір алмасу іс-шаралары ұйымдастырылды. Кездесулерде «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар», «Қыз көркі – мінезінде», «Анамнан көрген қолөнер» тәрізді түрлі тақырыптар ұсынылды. Бұл іс-шаралар ұрпақ тәрбиесінде аз да болса өз нәтижесін берді. Дегенмен, жеткіліксіз, бүгінде жасыратыны жоқ, мектеп жасындағы балалар арасында түрлі келеңсіздіктер көптеп орын алуда.
Десе де, тәрбиеге салынған инвестиция еш уақытта өз бағасын жоғалтпайды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден» деген сөзі бүгін де өзінің мазмұнын жоғалтқан жоқ. Біздің ұсыныс – ұрпақ тәрбиесіндегі сабақтастықты дамыту жолында арнайы «концепция», яғни нақты бағдарлама жасау қажет» деді.
Алқалы жиында семинарға қатысушы аға буын өкілдері төмендегідей арнайы Үндеу қабылдады.
«Өскен өңір» – ақпарат.