«Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына және Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалды бекіткен «Түркістан облыстық маңызы бар аудан, қала, ауылдық округтер, ауылдар, кенттер әкімдерінің халықпен тұрақты кездесулерінің күнтізбесіне» сәйкес аудан әкімі Қайрат Жолдыбай 6-7-8 маусым күндері аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткерді.
Жиындарға аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері, ардагерлер мен ауыл билері, мәслихат депутаттары, мәдениет және спорт, білім саласы мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, аумақтық инспекция басшылары мен кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.
Аудан әкімі есепті кездесуін 6 маусым күні Достық, Ақшеңгелді, Сүткент және Қызылқұм ауылдық округтерінен бастады. Жиындарда аудан басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.
«Кездесудегі мақсатымыз – тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылау. Себебі ауылдардағы мәселелерді жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Ауданды, ауылдарды дамыту жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасын табатын болады. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылым тарту жұмыстары қарқынды жалғасады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сіздермен әр тоқсан сайын кездесіп, есеп беріп тұрамыз. Сондықтан әрқайсысыңыздың мәселеңізді тыңдап, оны шешу бойынша жұмыс істейтін боламыз» – деді аудан басшысы.
Аудан әкімінің хабарлауынша 2023 жылдың 4 айында жергілікті бюджет бойынша салықтардың барлық түрінен 1 107,8 млн теңге түсіп, бекітілген жоспар 102,7 пайызға немесе 28,6 млн теңгеге асыра орындалған. Осы мерзімде жоспардағы 2 828,2 млн теңгенің 2 827,2 млн теңгесі игерілген.
Өнеркәсіп бойынша 4 айда 7 423,9 млн теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ (нақты көлем индексі) 107,9% құраған. Ал негізгі капиталға 5 145,3 млн теңге салынып, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 195,8% құрады.
Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері 10 891 бірлікті құрап, онда 12 270 адам жұмыспен қамтылған.
Ағымдағы жылдың 4 айында атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасаған аудан басшысы кездесу өткен төрт ауылда алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды.
Кездесу барысында әр ауылдық округ бойынша мәселелер айтылып, сауалдар қойылды.
Атап айтқанда, Достық ауылындағы «Қазпошта», ағын су каналдарын жөндеу, ауыз су мәселесі, көшеге тас төсеу, тыңайтқыш мәселесі, суармалы жер конкурсының мәселесі, ауыл ішіндегі бірқатар көшелерді асфальттеу, қосымша балалар алаңшасын салу, ағын су қашыртқыларын тазалау бойынша мәселелер көтерілді.
Егізқұм елді мекенінде өткен Ақшеңгелді ауылының тұрғындарымен кездесуде электр бағаналарын ауыстыру, ағын су тарифі мен каналдарды реттеу, интернет, жер мәселесі, жедел жәрдем көліктерін жаңарту, қосымша спорт үйірмелерін ашу, жекеменшік каналдар мәселесі, футбол алаңшасын ретке келтіру, жекеменшік ғимаратты мемлекеттік теңгерімге алып, балабақша салу мәселесі көтерілді.
Сүткент ауылында жол мәселесі, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, ағын су дренаждарын заңдастыру және Қызылқұм ауылында жайылымдық жер мәселесі, ағын су ақысы, суағарларды реттеу, ветеринария маманы мен электрик маманының тапшылығы, тұрақты кезекші дәрігер қою және басқа да жеке мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар әр ауылдағы кездесулерден соң аудан әкімі тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, әрбір тұрғынның жеке мәселелерін тыңдап, шешу бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.
7 маусым күнгі кездесу Алатау батыр, Ұзын ата, Көксу және Қоссейіт ауылдық округтерінде өз жалғасын тапты.
Аудан басшысы мұнда да осы жылдың 4 айында атқарылған жұмыстарға қысқа-нұсқа тоқталып өтті.
Ауыл шаруашылығы бойынша жылдың 4 айында 3 952 млн теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 103,0 құрады. Оның ішінде, егін шаруашылығы 39,7 млн теңгеге, НКИ 101,0%, мал шаруашылығы 3 503,2 млн теңгеге, НКИ 103,4% орындалған.
Өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда мал шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі төмендегенімен, мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 569,3 млн теңгеге, яғни 16,8 пайызға артқан.
Биылғы жылдың 4 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 2 159,4 млн теңгені (115,7%) құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 304,3 млн теңгеге немесе 16,4% ұлғайған.
Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі 13 197 шаршы метрге орындалып, нақты көлем индексі 200,0%-ды құраған.
Нақты жұмыстарға қысқаша тоқталып өткен аудан басшысы мұнан соң жергілікті тұрғындарды еркін форматтағы әңгімелесуге шақырды.
Алатау батыр ауылының тұрғындары каналдарды бетондау мәселесі, ауыз су, қосымша балалар алаңшасын салу, перзентхана ашу, қызметтік пәтер салу, жерасты суының мәселесі, жол, мақта қабылдау пунктінің мәселесі, халыққа қызмет көрсету орталығының мәселесі реттеуді сұрады.
Ұзын ата ауылында жергілікті тұрғындар ағын су каналын реттеу, ауыз су, аялдама орнату, ағын су тарифін реттеу мәселесін көтерді. Сондай-ақ, аудан әкімі Ұзын ата ауылдық округі әкімдігіне арнап салынып жатқан жаңа әкімдік ғимаратының жұмысымен танысты.
Көксу ауылындағы кездесуде тұрғындар тарапынан ауыз су тапшылығы, Астана көшесіндегі газ мәселесі, жеңілдетілген дәрі-дәрмек мәселесі, ағын су қашыртқыларын тазалау, мектептерді газ көзіне қосу, Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназияны күрделі жөндеуден өткізу, екі көшеге жасанды тегіс еместік орнату, ретсіз мал өлекселерінің мәселесі, жайылымдық жерлер туралы мәселелер айтылды.
Қоссейіт ауылынан орталық стадионды қоршау, ескі саябақтың орнын жаңғыртып ескерткіш орнату, газдандыру жобасын толықтыру, жайлы мектеп жобасын дайындау, көшелерді жарықтандыру, М.Әуезов көшесін жөндеу, жеңілдетілген дизель отынының мәселесі және өзге де елді мекендегі қордаланған түйіткілді мәселелер көтерілді.
8 маусым күнгі кездесу Қ.Тұрысбеков, Жаушықұм және Шардара қаласында өз жалғасын тапты.
Қайрат Жолдыбайұлы аталған кездесулерде жоғарыда айтылған мерзімдерде атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап өтті.
Аудандағы 25 елді мекеннің 9-ы және Шардара қаласындағы 9 шағынаудан табиғи газ жүйелерімен қамтылған (қамтылуы 77%), 6 елді мекен экономикалық тұрғыда тиімсіз болып танылған (Бағыскөл, Арнасай, Пішентөбе, Бозай, Бимырза, Шабырлы).
Бүгінгі таңға Шардара қаласындағы 5 шағынауданды және 2 ауылдық округтегі 3 елді мекенді табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде аудан халқының 97,7%-ы табиғи газбен қамтылады.
Бұдан бөлек 6 елді мекен (Ақберді, Қуанқұдық, Айдаркөл қашар, Баспанды, Жоласар, Құйған) табиғи газбен қамтамасыз етуді қажет етеді.
Шардара қаласын кәріз жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында құны 906,9 млн теңгені құрайтын қаланың Қызылжар, Майқала, Абай, Ақбала шағын аудандарының кәріз желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңға құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр. Нысан пайдалануға берілген соң қала тұрғындарының 51% сарқынды су желісімен қамтылатын болады.
Аудан басшысы ауылдық округтер мен қала аумағы бойынша көтерілген мәселелерге толыққанды жауап қайтарып, шешу жолдарын түсіндірді.
Сондай-ақ, кездесу барысында ауыл әкімдеріне, мемлекеттік мекемелер мен дербес бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, мәселелерді ушықтырмай, дер кезінде оңтайлы шешіп отыруды тапсырды.
Рүстем Пердебек.