Кешегі аптада қол күресінен Шардара өңірінде тұңғыш рет ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті. Дүбірлі додаға еліміздің барлық аймағынан білек күштері бұлт-бұлт ойнаған балуандар қатысып, екі күн бойы Шардара өңірінде өзара мықтыларды анықтады.

Чемпионаттың қорытындысы бойынша облысымыздың намысын қорғаған «Шардара Армспорт» құрамасы командалық есеп бойынша 1 орынды қанжығасына байлады. Командалық есеп бойынша 2-орынды Жамбыл облысы, 3-орынды Шығыс Қазақстан облысының спортшылары иемденді.

Тартысты әрі қызықты өткен ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген жерлестеріміз:

Ерлер арасында Нұрмахан Ердәулет, Зәуірбек Санжар, Ерсайын Мейрамбек, Әбсаттар Дәурен, Тұрғанбек Тұрарбек, Сарыбай Ердәулет, Басымбек Нұрболат, Қадір Нұрдәулет, Рахмет Азамат, Айдархан Нұрдәулет, Шамиев Мағжан, Ақтаев Талғат, Қарсыбаев Ғалымжан, Арапбай Азамат, Мұхамбетов Рысдәулеттер алтыннан алқа тағынды. Ал қыздар арасында Зиядулла Назира, Мәлік Арайлым, Абдулла Аружандар ел чемпионы атанды.

Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді жеңістерімен құттықтай келе, алдағы Әлем чемпионатында көк туымызды көкке көтеріп, Әнұранымызды шырқата берулеріне тілектеспіз.

 

«Өскен өңір» – ақпарат.