Әрбір ұлттың өзіндік болмысы, табиғи сипаты бар. Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі арақатынасына көпір қызметін атқаратын – ол билер кеңесі, ақсақалдар кеңесі еді. Қазіргі таңда осындай міндетті ардагерлер кеңесі атқаруда десек артық айтқандық болмас.
«Халық қариясына қарап бой түзейді» демекші, кешегі күні ауданымызда ардагерлер үйінде медиацияға байланысты жиын өтті. Жалпы медиация дегеніміз – арыз шағымдардың сотқа дейін екі тараптың бір-бірімен мәмілеге келіп, арада болған дауды ақылмен сараптап шешу процесі.
Аудандық сотқа соңғы 6 ай көлемінде 500-ге жуық арыз-шағымдар түссе, оның 263-і медиабельді (медиаторлардың қатысуымен қаралатын істер) арыздар болып табылады. Жиынға қатысушылар осындай медиабельді арыз-шағымдарды сот отырысына жеткізбей, арнайы медиаторлардың көмегімен екі тараптың бір-бірімен еш дау-дамайсыз бітімге келуін қарастыру жолдарын ортаға салды. Ардагерлер мен аудандық соттың қызметкерлері медиаторлардың барлық істе дауласушыларды тату келісімге келтіру жолын қарастырды.
Аудандық соттың судьясы Қарымсақов Жанат Ерғалиұлы ардагерлердің медиациялық іс-әрекеттерін мақұлдап, екі тараптан келісімге келді. Сөз соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков әр ауылдың ақсақалдарына, медиаторларына медиациялық жұмысқа араласып, қолдарынан келгенше қоғам тыныштығына атсалысуға шақырды.
Мадина Ералы.