Биыл маусымның үшінші жексенбісінде Қазақстанда алғаш рет Әкелер күні аталып өтілді. Үкімет қаулысына сәйкес биылдан бастап Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі «Аналар күні» және «Әкелер күні» мерекелерімен толықты. «Аналар күні» мерекесі мамыр айының екінші жексенбісінде, «Әкелер күні» мерекесі маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтілді. Жаңа мерекелер отбасы институтын нығайтып, аналарымыз бен әкелерімізді құрметтеуге септігін тигізері сөзсіз.

Осы мерекенің ықпалымен ауданымызда Ардагерлер үйінде «Әкелер мектебі» мүшелерінің жиналысы өтті. Жиынның күн тәртібінде келер ұрпақты, жас жеткіншектерді нағыз ер адамша тәрбиелеу жолында бірігіп жұмыс жасау жолдары қаралды. Қыз – болашақ ана, болашақ жар, нәзік тұлға ретінде қоғамда жоғарғы орынға қойылып, ер жігіттеріміздің орны тыс қалып қойып жатады. Жиынға қатысушылар ел мен жерді қорғайтын ер азаматтардың кеудесіндегі намысын оятатын, ар-ожданын қорғай алатындай тәлім-тәрбие жолында еңбек етуге шақырды.

«Әкелер мектебінің» әрбір мүшесінің айтары – «Тәрбие – тал бесіктен» басталады, ата-аналар ер балалардың тәрбиесіне жіті мән беруі керек. Ел мен жердің құндылықтарын айтып отырған отбасының жігіттері жаман болмасы хақ. Екіншіден, жас жеткіншектердің тәрбиесінде аса маңызды рөл ойнайтын ұстаздар қауымы да, әр баланың тәрбиесіне жеткілікті мән берсе, қосымша сағаттар бөлінер болса, еліміздің ертеңіне сенім пайда болар еді, – дейді.

Сөз соңында Ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков таяуда ғана өткен Ұлттық құрылтай жайында сөз қозғап, онда көтерілген мәселелерге шолу жасады. 

Мадина Ералы.