Ел ішіндегі түйіткілді мәселелерді қозғап, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетін ұйымдардың бірі – қоғамдық кеңес. Қазақстан Республикасының «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасында қоғамдық кеңестердің рөлі мен маңызы көрсетілген. Тіпті оның мәртебесін айқындау үшін арнайы заң да қабылданған.
Ал жүктелген шаруа – елдің жоғын жоқтап, мәселесін көтеру. Осындай жауапты міндетті мойнына алған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері таяуда орталық аурухана мен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінде болып, мәселелермен егжей-тегжейлі танысып шықты.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Нұрпейісов, мүшелері – аудандық қоғамдық келісім кеңесінің және ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Қуаныш Ерназар, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лахановтар әуелі ауруханадағы жағдаймен танысты.
– Біздің мақсатымыз – сіздерден кемшілік іздеп табу емес, керісінше сіздерде шешілмей жатқан мәселелер болса, соны анықтау, оның шешілу жолдарын қарастыру. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жұмыстарыңызға тосқауыл болып жатқан жағдайлар болса, ашық айтыңыздар. Біз аудан әкімінен бастап барлық құзырлы органдарға ол туралы жеткізетін боламыз, – деді М.Нұрпейісов.
Аурухана мен емханадағы ахуалмен аталған мекеме басшысының орынбасары Нұрғали Молдаханов таныстырды.
– Кең де зәулім емханамыз таяуда пайдалануға берілді. Мұнда ем алушыларға барлық жағдай жасалған. Барлық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті өзге аудандарда жоқ соңғы үлгідегі қондырғыларымыз бар. Оларда жұмыс істеу үшін мамандар арнайы курстарын оқып жатыр. Жаңадан бөлімдер ашылды. Кей бөлімдер кеңейтілді.
Біздегі мәселе – мамандардың жетіспеушілігі дер едім. Қиыр шетте орналасқан аудан болғандықтан оқуын жаңадан бітірген жас мамандар жұмысқа келе қоймайды. Жұмыс берсек, пәтер сұрайды. Дәрігерлерге, әсіресе жас мамандарымызға пәтер беру жағын қарастырсаңыздар екен.
Онан кейінгі мәселе – жаңа емхананың жанынан «Жедел жәрдем» ғимараты соғылған. Сол ғимаратқа жол керек. Әзірге амалын тауып, қатынас жасап отырмыз. Осы мәселенің шешілуіне ықпал жасасаңыздар, – дейді бас дәрігердің орынбасары.
Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінде және аудан мектептерінде болған жиындарда мұғалімдердің мәртебесі, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, білім сапасын арттыру, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, ерте жүктілік, өз-өзіне қол жұмсау, әлімжеттілікті болдырмау және тағы басқа да толғақты мәселелер қозғалды.
Қоғамдық кеңес мүшелері айтылған мәселелерді назарда ұстайтындарын жеткізді.
Өз тілшімізден.