Өткен аптада 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбай аудан әкімдігі ғимратында жиын өткізіп, мемлекеттік қызметшілерді құттықтады.
«Құрметті әріптестер! Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы мемлекеттік қызметкер болып табылады. Сондықтан да ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметші қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Баршаға белгілі, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2003 жылы әр жылдың 23 маусымын мемлекеттік қызметшілер күні деп атап өту жөнінде ұйғарым жасаған болатын. Бұл шараның халықаралық аренада мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік қызметшінің статусын көтеруге оң ықпал еткені ақиқат. Әрқашан абырой биігінен көрініп, ел үшін, халық үшін аянбай еңбек ете беріңіздер» – деді Қ.Жолдыбай.
Жиында өз еңбегімен көзге түсіп жүрген бірқатар мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің, аудан әкімінің және кәсіподақ ұйымы атынан арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар ҚР Мемлекет қызмет істері жөніндегі Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен мемлекеттік қызметшілер арасында өткен байқауларда бас жүлде иеленген Орынша Қалшабекова мен Нұрбақыт Нұрсейітовке аудан әкімінің арнайы Алғыс хаты табысталды.
Жиын соңында аудан басшысы мемлекеттік қызметшілерді құттықтап, жемісті еңбек етулеріне сенім білдірді.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.