Биылғы қасиетті Құрбан айт мерекесі маусымның 28, 29, 30-ы күндеріне дөп келді. Аталған мерекені шардаралықтар да ерекше көтеріңкі көңілмен қарсы алды.
Орталық мешітте өткен айт намазына жиналған жамағаттың қарасы қалың болды. Намаз басталмас бұрын «Құрбандық шалудың сауабы» тақырыбында аудандық орталық мешітінің найб имамы Еркебұлан Жұмаханов уағыз айтты. «Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (а.с.) пайғамбар заманынан бастау алады», – дейді Е.Жұмаханов.
Шара барысында осындағы медреседе тәлім алып жатқан бір топ үздіктерге арнайы сертификаттар табысталды. «Шардара аудандық орталық мешітінің" бас имамы Марат Асанов мешіттің ұстазы Әбілдә Ерланның үздік шәкірттері – Жақсылық Жандос Сапаралы- ұлы, Мыңбай Ерасыл Сабырұлы, Үсен Саят Мақсатұлына Түркия Республикасының Стамбул қаласына 1 аптаға туристік саяхаттың сертификатын табыс етті.
Құрбан айтқа жиналған жамағатты құттықтау сөзіне шыққан Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Тоқсанбай Бердібеков Құрбан айт адамдардың бір-бірімен етене араласуына, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығына жол ашатынын, осы қасиетті күні халқымыз құрбандық шалып, бір-біріне тек жақсылық тілейтінін айтып өтті. Құрбан айттың кең пейілділік пен жомарттықтың, бауырмалдық пен қайырымдылықтың мерекесі екенін айта келіп, елге тыныштық, халыққа амандық тіледі.
Осы күні аудандық орталық мешітінің найб имамы Е.Жұмахановқа екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды.
– Аудандық мәслихаттың төрағасы, «Шардара-Армспорт» мектебінің негізін қалаушы Қарсыбаев Арман Романұлына найб имамның үйсіз жүргенін айтып, қолдан келсе жәрдем беруін сұраған едік. Өтінішімізді жерге тастамай, осындай үлкен сауапты тірлік жасады. Арман Романұлына Алла разы болсын, – деді орталық мешіттің бас имамы М.Асанов. Пәтер кілтін «Шардара-Армспорт» мектебінің ұжымы атынан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Мағжан Шәмиев табыс етті.
Осы күні кешқұрым орталық стадионда «Шардара аудандық орталық мешіті» жамағатының және демеушілердің ұйымдастыруымен қошқар көтеру, жүгіру, қазақша күрес, гір көтеру, бата беру, арқан тартыс бойынша спорттық іс-шаралар және 100 сыйлық, тегін 500 балмұздақ, тегін көже үлестіру, атпен серуендеу, діни сұрақ-жауап секілді қайырымдылық істер ұйымдастырылды.
Шарада Шардара ауданының бас имамы М.Асанов, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов жиылған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, спорттық шараларда жеңімпаз атанған азаматтарға естелік сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етті.
Спорттық шараның қорытындысына келсек, қазақша күрестен І-орынды Мекенбай Мұса, ІІ-орынды Әкімбай Жеңісбек, ІІІ-орынды Құлмырза Бексұлтан иеленді. 63 келі тартатын қошқар көтеруден Қарсыбаев Ғалымжан бас жүлдені жеңіп алды.
Спорттық іс-шараға қатысқан барша жамағатқа арнайы айттық дастарқан жайылып, балаларға балмұздақтар мен тәттілер және көже таратылып, ерекше қуаныш сыйлады.
Р.Ерғалиұлы.