Жаз айлары – балалар үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – балалардың жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі.
Бастауыш және орта буын сыныптарының балалары үшін бұл уақыт – табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңитін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі. Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Сондықтан тәрбиешілерге баланың бос уақытын дұрыс пайдалануға бағыттаудың, үйретудің мәні зор.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Жаз қызығы – көңілді демалыс» іс-шаралар жоспары түзілген. Осы жоспарға сәйкес аудандық оқушылар үйінде күнделікті іс-шаралар өз кезегімен қызықты өтуде. Оқушылар аудандық тарихи-өлкетану музейіне, орталық кітапханаға, ауданымыздағы саябақтарға барып, ол жерлердің тыныс-тіршілігімен танысуда. Сондай шаралардың бірі ретінде Шардара аудандық оқушылар үйі үйірмелерге қатысушы оқушыларды мультфильм әлеміне саяхат жасатты. Бұл саяхаттың мақсаты – өскелең ұрпақты эстетикалық тәрбиеге баулу. Оқушылар Абай атындағы театрдан отандық мультфильмдер көріп, тамашалады. Әсем сюжеттерден қиялға ерік беріп, әдемі дауыстардан, әуендерден құралған анимациялық мультфильмдердің балалардың өміріне берер әсері мол. Балалар театрдан шат-шадыман күй кешіп, мәз-мейрам болып шықты.
Бала – біздің болашағымыз. Оларды жастайынан әсемдікке, әдемілікке және мәдениеттілікке тәрбиелеу басты мақсаттарымыздың бірі болып саналады. Балалардың жазғы демалысының көңілді өтуіне ықпал жасаған Абай театрының қызметкерлеріне алғысымыз шексіз.
Табиғат аясындағы демалыс, таза ауа, жайдары көңіл-күй, сергектік балаларға күш-қуат сыйлап, жаңа оқу жылына бар ынта-жігерімен кірісуге септігін тигізері сөзсіз.
Лагерьде асыр салған көңілді балалар бір-бірімен достасып та үлгерген. Көңілді демалыс балдырғандардың жанын әнге, сыңғыр күлкіге тойдырып, күн сайын қызықты сайыстар мен думанды кештер өткізу дәстүрге айналған.
Шынында, баланың күні бойы компьютердің алдында отыруы немесе көше кезіп жүргенінен гөрі жазғы демалысты лагерьде қызықты әрі пайдалы өткізгені әлдеқайда тиімді.
Жазғы лагерь баланың қоғамдық өмір дағдыларын дамытып, өзін-өзі басқаруын, ұқыптылығын шыңдайды. Себебі, жазғы демалыс бала жанын жадырататын шақ қой, шіркін!
С.Жиенбаева, аудандық оқушылар үйінің директоры.