Апта басында 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ауданымыздағы ақпарат саласының өкілдерін құттықтады.

«Сіздерді бұқаралық ақпарат құралдары күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздерге ауданымыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тыныс-тіршілігін жарыққа шығарып, жарқын жаңалықтарды аудан тұрғындарына жеткізу бағытында атқарып жатқан еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін.

Журналистика – елді бүлікке емес, бірлікке бастайтын саяси маңызды саланың бірі де, бірегейі. Баршаңызға шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін» – деген Қ.Жолдыбай салтанатты жиында БАҚ өкілдеріне «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар тапсырды.

Осы күні аудандық мәслихат төрағасы Арман Қарсыбаев та аудандағы ақпарат саласының өкілдеріне арнап дастарқан жайып, құрмет көрсетті. Сондай-ақ, өз атынан Алғыс хат пен сыйлықтар табыстап, ізгі тілегін білдірді.

Қаламдарын жандарына серік еткен жандарды Шардара қаласының әкімі О.Айдосов та арнайы қабылдап, журналистер қауымын төл мерекелерімен қызу құттықтады.

Сонымен бірге аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы С.Нұрахов та баспасөз өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, Алғыс хаттар табыс етті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.