Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы 26 маусымдағы №268 санды Жарлығымен Сәрсенбайқызы Айкүміс Шардара аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Сот корпусына судьяны Түркістан облыстық сотының төрағасы Т.Е.Мыятбеков онлайн форматта таныстырды. Аталған іс-шараға Шардара ауданының прокуратурасы мен құқық қорғау органдарының басшылары, аудан әкімінің орынбасары, адвокаттар мен заңгерлер қауымдастығының өкілдері, медиаторлар, жеке сот орындаушылар мен жерлігікті БАҚ өкілдері қатысты.
Төраға судьяның жаңа қызметіне табыс тілей отырып, сот төрелігін жүзеге асыруда Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, ар ожданды басшылыққа алуға, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін қорғауда бейтарап, әділ болуға, өзіне жүктелген міндеттерін адал атқаруға, мемлекет игілігі үшін жұмыс істеуге тілек білдірді.
Айкүміс Сәрсенбайқызы 1977 жылы 15 сәуірде Шардара ауданы, Ұзын ата елді мекенінде дүниеге келген. 2006 жылы Қазтұтыну одағы Қарағанды экономикалық университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Мемлекеттік қызметте еңбек жолын 2007 жылы Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық сотында бас маман-сот отырысы хатшысы болып бастаған. Бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы қызметін атқарған.
Сот жүйесіндегі жалпы жұмыс өтілі 15 жылға жуық. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясын бітіріп, құқық магистрі дәрежесін иеленген.
Айкүміс Сәрсенбайқызының жаңа қызметінде табысты болуына тілектеспіз.
Мадина Ералы.