Кеше аудандық полиция бөлімінің ғимаратында  аудандық пробация және аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен шартты түрде сотты болған азаматтармен кездесу  өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ш.Әділханұлы, аудандық пробация бөлімінің басшысы, әділет майоры Б.Сарыбаев, «Мансап орталығының» директоры Н.Майханов және жұмыс беруші кәсіпорындардың өкілдері, мемлекеттік мекемелер мен пробация есебінде тұрған азаматтар қатысты.

Мәжілісте негізінен шартты түрде сотты болған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан пилоттық жоба ретінде жүзеге асып жатқан жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алу ережесі, ақылы қоғамдық жұмыс, кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз гранттар бойынша ақпараттар беріліп, аудандағы жұмыс беруші кәсіпорындарда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілді.

– Мұнда отырған кез келгеніңізді жұмыспен қамту біздің міндетіміз. Сондықтан біз ұсынып отырған жұмыстар мен ұсыныстардың өзіңізге тура келетінін қарап, қолайлысын таңдай аласыз. Сіздер қоғамнан шетте емессіздер. Барлығымыз бірдей Қазақстан Республикасының азаматы ретінде ел болашағы үшін біргелесіп еңбек ете аламыз. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Сіздердің ендігі мақсаттарыңыз жарқын болашақты ойлап, қалыпты өмір сүру қағидатына көшу. Ол үшін  көмектесуге әзірміз, - деді Б.Шомпиев.

Сонымен қатар жиынға қатысқан құқық қорғау  органдары мен мемлекеттік мекемелер тарапынан келген өкілдер қосымша ақпараттармен бөлісіп, тиісті ұсыныстар мен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Айта кетсек, ауданда 96 адам пробация есебінде тұр.

Рүстем ПЕРДЕБЕК.