Тамыз айының соңынан бастап «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының ғимаратында партия филиалының ұйымдастыруымен бекітілген аудандық мәслихат депутаттары БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізуде.

Алғаш болып Шардара аудандық мәслихатының депутаты Раймұханов Болат Закарияұлы журналистерге атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Брифингке «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекетте қатысты. Мәслихат депутаты жиын барысында сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелердің орындалуы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

–Сайлаушыларыммен алғашқы кездесуімде Аймұратов көшесін асфальттау, электр бағаналарын ауыстыру бойынша өтініш түскен болатын. Олар орындалды. Кезекте Юсупов, Исатай, Бектілеу ұстаз, Байсейітова көшелерін асфальттау жоспары тұр. 30-дан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алуға қол жеткізді. Жыл сайын бала туылуының артуына орай келешекте қиындық туындамауы үшін жайлы мектеп жобасы бойынша 300 орындық мектеп салынуда. «Мектепке жол» акциясы бойынша кәсіпкерлермен кездестім. Елді мекендегі әрбір жастың кемінде бір мамандық иесі болуына, кәсіп ашуына ықпал жасап, кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізудемін. Жастарда кәсіп ашып, халыққа қызмет етсем деген ынта бар. Соған жер алуға көмектесуімді сұрайды.

Шардара қаласын сапалы ауызсумен қамту бойынша нақты жұмыстар жүргізілсе деймін. Осы мақсатта өткен айдың, яғни 29 шілдеде Астана қаласында өткен форумға қатысып, ауданның ауызсу мәселесін Ұлттық Экономика министрі Әлібек Қуантыровқа жолдап, пікір алмасып, сөйлестім. Ол кісі қаражат бөлуге көмектесетіндігін айтты, – деді брифинг барысында Б.Раймұханов.

БАҚ өкілдері тарапынан өзге де мәселелер туралы сұрақтар қойылып, тиісінше жауаптар берілді.

Келесі кезекте «Amanat» партиясы Шардара аудандық филиалының ғимаратында Шардара аудандық мәслихатының депутаты Тілешова Құралай Құралбекқызы журналистерге атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Халық қалаулысы жиын барысында сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелердің орындалуы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.

– Менің депутат болып сайланғандағы негізгі мақсатым Президенттіміздің қолдауымен Үкімет қабылдаған мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына ықпал етіп, билік пен халық арасындағы байланысты барынша нығайту болатын. Сайлаушыларыммен алғашқы кездесуімде С.Әшіров көшесінің тұрғыны Ж.Абылаева осы көше бойынан жаңадан салынған балалар футбол алаңшасының тозығы жетіп, балалар ойнауға қауіпті екені жөнінде шағымын айтты және Қазыбек би көшесінен «Рауан» дүкені жанынан орталық базарға төмен түсетін көшенің тұрғындары атынан Г.Иманова осы көшеге жол салып, жарық шамдар орнатып беруге ұсыныс түскен болатын. Тұрғындардың өтініштері орындалды.

Сонымен қатар Әл-Фараби көшесіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарынан көптеген шағымдар түсті. Ең алдымен сол көше арқылы «Шардара» мектеп-лицейіне баратын жолдың тұрғындарға қолайсыз жағдай тудыратыны, жолда су құбырынан су тоқтамай ағып, үнемі жолда су толып жататындығы, бұл жағдай әсіресе мектеп кезінде балалар су кешіп өтуге мәжбүр екендігі айтылған болатын. Және де осы көшедегі №12, 16, 18 көпқабатты үйлердің алдында балалар ойын алаңшасының орнына заманауи, әдемі, балаларға ыңғайлы ойын алаңшасын салып беруді ұсынды. Қазіргі таңда мектепке баратын жолдағы су құбырына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Өзбекстаннан көшіп келген оралман жас жұбайлар Пирманов Батырполат пен жұбайы Жуамкурова Гүлназ өздерінің Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүргенін, соның кесірінен жұмысқа орналаса алмай жатқандығы жөнінде өтінішпен келді. Олардың төлқұжат алуына жәрдем етіп, жас отбасын өз тарапымнан жұмысқа орналастырып, уақытша тұрғын үйге жайғастырдым.

Естеріңде болса Астана көшесінде орналасқан ескі жатаханада өрт шыққан болатын. Сол жерде тұратын зардап шеккен тұрғындардың өтініштері бойынша жатахана ішіне жөндеу жұмыстарын жүргіздім, – дейді Қ.Құралбекқызы.

Кешегі аптада аудандық мәслихат депутаттары Дүйсенов Дархан Нұрәділұлы мен Оңғарбаев Қыдырғали Дүйсенбекұлы осы мазмұндағы брифинг өткізді.

Д.Дүйсенов өз сөзінде көктемгі егіске 240,175 тонна  жағар-жанармай, 420 тонна тыңайтқыш жеткізілгенін атап өтті. Сонымен бірге жалғызілікті Шотонова Меруертке демеушілер көмегімен 3 млн теңгеге баспана алып берілгенін, Арыс-Шардара тасжолы бойы жарықтандырылғанын, қоғамдық қабылдауда болған азаматтардың талаптары бойынша шіркей, шегірткеге қарсы уақытылы дезинфекция жүргізілгенін, ауыл жастарының демеушілігімен жабық күрес залы ашылғанын атап өтті. Сонымен қатар бүлдіршіндерге орталық саябақтан аллея салу, Жаңа қоныс көшесіне тас төсеу жоспарланып жатқанын жеткізді.

Мұнан кейін сөз алған атақты спортшы, аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Оңғарбаев та сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелерге тоқтала келіп, өз ойын төмендегіше жеткізді.

– Мен спортшы болғандықтан жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырсам деймін.

Ауданымызда ұлттық спорт түрлерін – қазақша күрес, қол күрес, ауыр атлетика, тоғызқұмалақ, футбол, ерін күрес, дзюдо спорттарын дамыту жоспарлануда. Аталған спорт түрлерінің кейбірінен тамаша нәтижеге де қол жеткізіп отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді.

Өзімнің сайлау учаскесіме қарасты (ел ішінде «Ақ шағала» аталып кеткен аймақ) жаңа қонысқа үш көшеге тас төселіп, су, газ құбырлары жүргізілді.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастырумен ерікті жастармен бірге апта сайын тазалық жұмыстары жүргізілді. Жекелеген өтінішпен келген әр сайлаушының мәселесіне қолдан келгенше жәрдем етіп келемін. Сайлаушыларымның қандай мәселесі болса да ол мен үшін маңызды, – деді Қ.Оңғарбаев.

Халық қалаулыларының есепті брифингтері алдағы уақыттары жалғасын табатын болады.

Мадина ЕРАЛЫ.