Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Алайда соған қарамастан әлемде су жетіспейді, әсіресе ауызсу тапшылығы күннен-күнге анық байқалуда.
Су тапшылығы қазіргі заманның жаһандық өзекті мәселесіне айналғанын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырдағы Жолдауында ерекше атап өтті. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін айта келе, Президент жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керектігін ескертті.
«Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысы, Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылатынын, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатынын мәлімдеді. Жалпы, елімізде ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесінің әлі шешімін таппағанына тоқталған Президент, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін айтты. Осы орайда, Мемлекет басшысының Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігінің өз алдына жеке министрлік болып құрылуы да – осы бағытта атқарылар іс-шараларға айрықша маңыз беріліп отырғанының айғағы.
Қазірдің өзінде Еуропаның оңтүстігіндегі штаттар табиғи су қоймалары мен жасанды су қоймаларының бұзылуына орай, суды үнемдеуге қатысты шұғыл шараларды қолға алуда. Францияның кейбір аймақтарында бау-бақшалар мен гүлзарларды суаруға, бассейндерді толтыруға тыйым салынса, Ұлыбританияда тіпті техникалық судың өзін қолдануға шектеу енгізілгені ғаламтор материалдарынан мәлім болып отыр.
Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, 2040-2050 жылдарға қарай су тапшылығы дағдарысы шын мәнінде әлемдік сипат иеленбек. Айта кетерлігі, таза ауызсу мәселесі біздің елімізде де бар. Біздегі Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария сияқты ірі өзендердің барлығы көрші елдерден, атап айтқанда, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан бастау алады және түрлі себептермен бұл сулардың қоры жылдан жылға азая түсуде. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалануды мемлекетаралық келісімдер негізінде шешу өзекті мәселеге айналуда.
Осындай жағдайда ел-жұртқа тіршілік көзі, ырыстың өзі саналатын аса маңызды ресурсты үнемдеп пайдалану мәдениетін сіңіру, ұғындыру аса қажет. «Судың да сұрауы бар» деген аталы сөзге мән беретін уақыт келді.
Талғат Жалғасбаев,
аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер.