Газетіміздің бұдан бұрынғы санында гір көтеруден Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатында жерлестеріміз 8 алтынға қол жеткізгенін,  каратэден өткен балалар, жасөспірімдер, жастар  арасындағы Әлем чемпионатында Шардарадан тұңғыш әлем чемпионы шыққанын сүйіншілеп хабарлағанбыз. Кешегі аптада әлем алдында еліміздің намысын қорғап, абыроймен оралған жерлестерімізге аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.

— «Шардара ауданы қол күрестен бүкіл әлемді тізе бүктіріп тұрғаны белгілі. Бұл бәріміз үшін өте үлкен абырой, мақтаныш. Ал жақында ғана гір спортынан дүниежүзілік додада сегіз бірдей спортшымыз топ жарды. Бұдан бөлек, ауданымыздан каратэ спортынан тұңғыш Әлем чемпионы шығып отыр. Бұл мен үшін зор мақтаныш. Еліміздің беделін көтеріп, әлем алдында көк Туымызды көтеріп, Әнұранымызды шырқатқан Сіздерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырып, ауданымыздан Олимпиада чемпионы шықсын деп тілеймін», – деген Қайрат Жолдыбай спортшылар мен жаттықтырушылар- ды құттықтап, өз атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.

Осы күні Шардара аудандық мәслихатының төрағасы, атақты спортшы Қарсыбаев Арман Романұлы да жоғарыда аталған жеңімпаз жерлестерімізді жарқын жеңістерімен құттықтап, ауданымыздың, облысымыздың және еліміздің абыройын бұдан да биікке көтере беруіне сенім білдірді. Сонымен қатар спортшылар мен жаттықтырушыларға өз атынан Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады.

«Өскен өңір» – ақпарат.