Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешім қабылдауға қатысуының маңыздылығы туралы айтқан болатын.

«Екі жылдан астам уақыт бойы ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін азаматтардың өзі сайлады. Енді бізге аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлауды сынақтан өткізу керек», – деген болатын Президент.

Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясының шешімімен Қазақстан Республикасында 5 қарашада аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қаланың тізімін бекітті, оның ішінде үш қала мен 42 аудан бар. Мәслихаттардың шешімі негізінде қарашаның бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада сайлау өтеді.

Бұл қатарда Шардара ауданы да бар. Яғни, 5 қараша күні Шардара ауданының әкімі сайланады. Сайлауға дайындық шаралары қолға алынып, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте 15 қыркүйекте аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімі шықты. Аудан бойынша 33 сайлау учаскесі болса, соның барлығында төраға, орынбасарлары, хатшылары мен мүшелері бекітілген.

Кандидаттарды ұсыну 15 қыркүйекте басталып, 5 қазанда аяқталады. Үгіт-насихат жұмыстары 10 қазан – 4 қараша аралығында жүреді. 4 қараша тыныштық күні болса, 5 қарашада дауыс беруге барамыз.

Кандидаттарды саяси партиялар арқылы, өзін-өзі ұсыну арқылы ұсынуға болады.

Есенбай Бейсенбиев, 

аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы