Осыдан 22 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Асылында, бұл мереке ХХ ғасырда пайда болған. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді.

Қарттар күнін атап өтудегі басты мақсат – аз қамтамасыз етілген қарт адамдарға, жалғызбасты қарт зейнеткерлер мен қарт мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және басқа да көмек түрлерін көрсету болып табылады. Бұл күні біздің елімізде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде қарттарға арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп, оқушылар мен студенттердің тарапынан қарияларға көмек көрсетілетін алуан түрлі жобалар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалады.

Шардара аудандық ардагерлер кеңесі аталған мерекені тойлауды апта басында-ақ бастап жіберді. Сәрсенбі күні аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков ауданымызда еселі еңбек етіп, бүгінгі таңда ақылман ақсақал болып отырған бір топ ардагерлерді Халықаралық қарттар мерекесіне орай төсбелгілермен марапаттады. Осы күні 70 жасқа толған еңбек ардагері, Қоссейіт ауылдық ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы Т.Жанықұловқа мерейтойлық төсбелгі, естелікке заттай сыйлық табыс етті. Мұнан соң «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі төрағасы К.М.Отаровтың атынан шардаралық бір топ ардагерлер «Құрметті ардагер» төсбелгісіне ие болды. Бұл төсбелгімен Шардара қаласы «Ақбала» мөлтекауданы ардагерлерінің бастауыш ұйымы төрағасы Мұсахан Мархабай, «Абай» мөлтекауданы бастауыш ұйымының төрағасы Үсен Қалдыбеков, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Нұрғали Ыбырайым, аудандық медиаторлар ұйымының төрағасы Жанайдар Биту марапатталды.

Жиын барысында сөз алған ардагерлер қауымы еңбектерін елеп, мерекемен құттықтап жатқан барша азаматтарға алғыстарын білдірді. 

А.Әбубәкіров.