Жаз бойы бақша дақылдарын жинап, астықтарын қамбаға құйып алған шаруалар енді әне-міне дегенше мақта жинауға кіріседі. Таяуда мақташы қауым өзара бас қосып, жиын-терім алдында түйіткілді мәселелерді семинарда талқылады.

Ұзын ата ауылдық округі аумағындағы «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шардара филиалының эксперименталдық алқабында өткен  семинарға  облыстық  мәслихат  төрағасы  Нұралы  Әбішов, аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов, Шардара ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары және мамандары, ауылдық округтердің әкімдері, ҚР АШМ АӨК аудандық аумақтық инспекция басшылары және мамандары, мақта өңдеуші кәсіпорын (зауыт) басшылары,  ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші шаруашылық ұйымдарының басшылары және өсімдік қорғау бағытындағы препараттарды өндіруші, тасымалдаушы және саудалаушы компаниялардың мамандары қатысты.

Семинар-кеңесте Шардара ауданында аудандастырылған мақтаның отандық сұрыптары, инновациялық әдістерді пайдалану арқылы сапалы тұқымдық шит дайындау,  күзгі жиын-терімді сапалы жүргізу мәселелері және мақта шикізатының бағасы бойынша бірқатар мәселелер талқыланып, тәжірибе станциясының өнімдері таныстырылды.

Қатысушылар «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС Шардара филиалының эксперименталдық, демонстрациялық алқаптарымен танысты. «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрман Мамытұлы алқаптармен таныстырып, бірқатар ұсыныстар айтты.

Айта кетсек, бұл семинардың мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге сапалы тұқым мен сұрыптарды іс жүзінде көрсетіп, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы саласын қалыптастыру.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.