9 қазан – пошташылардың төл мерекесі. Дүниежүзілік пошта күні –Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде атап өтілетін халықаралық күндердің бірі.
Бұл күні Дүниежүзілік пошта одағы 14-ші конгресінің шешімімен одақтың 1874 жылы құрылған күні құрметіне атап өтіледі. Ал Дүниежүзілік пошта күні ретінде пошташылардың дүниежүзілік одағының 1969 жылы Токиода өткен конгресінде жария етілді.
Айтулы мерекеге орай, ауданық пошта ғимаратында салтанатты шара ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, қала әкімі О.Айдосов, аудандық мәслихат өкілдері мен пошта қызметшілері қатысты.
«Пошта – мемлекеттік байланыс жүйесінің маңызды мекемесі. Сонымен қатар заттарды (жазба хабарларды, басылымдарды, ақша аударымдарын, т.б.) үздіксіз жинақтап, оларды таратуды қамтамасыз ететін байланыс түрі. Ол жергілікті халықтың мәдени-тұрмыстық мұқтаждығына қажет заттар жеткізу, бір ел ішінде және шетелдермен ақпарат алмасу мәселелерін қамтамасыз етеді.
Қазақстанда алғаш пошта бөлімі 1860 жылы Алматы қаласында ашылды. 1862 жылы Алматы қаласын Бішкек қаласымен қосқан бірінші телеграф желісі іске қосылды. 1993 жылы пошта және электр байланыстары жеке бөлінді. 1995 жылдан Қазақстанда пошта Республикалық мемлекеттік пошта байланысы мекемесіне (РМПБМ) айналды. 1999 жылдан РМПБМ «Қазпошта» АҚ болып қайта құрылды. «Қазпошта» АҚ көрсететін қызметтерге жазбаша хабар, бандероль, сәлемдеме жіберу және жеткізу, үлкен өлшемді ауыр жүктерді жіберу және жеткізу, курьерлік қызмет көрсету, мерзімдік басылымдарға жазылу, оларды жіберу, жеткізу, сату, арнайы байланыс қызметін көрсету, филателия бөлімі, пошта жеделхаттарын жіберу, т.б. жатады.
Алдағы уақыттары қызмет көрсету саласын жандандыра түсеміз» дейді «Қазпошта» АҚ Шардара аудандық филиалының басшысы Ақмарал Құлшаева.
Жиынға қатысқан қонақтар да сөз сөйлеп, пошта қызметшілері аудан әкімінің, мәслихат төрағасының және қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Шара барысында әсем ән шырқалып, құттықтау сөздер айтылып, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.
Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі.