Сенім білдірген адамдар, Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушыларының құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 20-1, 31 баптарында бекітілген.

 Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың өздерiне сайлау науқанын жүргiзуге көмектесетiн, сайлау алдындағы үгiттi жүргізетін, кандидаттар, саяси партиялар мүдделерiн білдіретін сенiм бiлдiрiлген адамдары болуына құқылы.

Кандидаттар, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялар сенiм бiлдiрiлген адамдарын өздерінің қалаулары бой-ынша тиісті сайлау округiндегi әр сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын санда анықтайды және оларды тiркеу үшiн тиiстi сайлау комиссиясына хабарлайды.

Кандидат, саяси партия сенiм бiлдiрiлген адамдар ретiнде ұсынған адамдар тиiстi сайлау комиссиясына өзiнiң сенiм бiлдiрiлген адам болуға келiскенi туралы өз өтінішін табыс етедi. Сайлау комиссиясы сенiм бiлдiрiлген адамдарды тiркегеннен кейiн оларға тиiстi куәлiк бередi.

Сенiм білдiрiлген адам Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиiс және ол Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушыларының құқықтарын иеленеді, міндеттеріне ие болады және кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның өздеріне жазбаша нысанда берген өкілеттігі шегінде әрекет етеді.

Саяси партиялардан, сондай-ақ өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан Қазақстан Республикасының азаматтары байқаушылар ретінде жіберіледі.

Байқаушының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) көрсетіле отырып, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен куәландырылады және байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға көрсетіледі.

Жарғылық қызметіне сайлауды байқау жөніндегі қызметті жүзеге асыру жататын қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу тәртібін Орталық сайлау комиссиясы, ал өңірлерде аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды. Аккредиттеудің  мерзімі бір жыл болады.

Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары мен сенім білдірген адамдар:

- сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;

- дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;

- дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға;

- тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға;

- сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға;

- тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;

- сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға;

- учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға;

- дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;

- дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға;

- дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға;

- сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы.

Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары, сенім білдірген адамдар:

- олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге;

- сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға;

- сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;

- сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;

- өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге;

- Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға;

- алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге;

- фото, аудио және бейнежазбаны жүзеге асыру және тарату кезінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген талаптарды сақтауға міндетті.

Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестігінен, коммерциялық емес ұйымынан бір-бір байқаушыдан және аудармашы бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы

Дауыс беру күнi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесiне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.

 Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны, сенім білдірген адамдарды  тіркеудің күшін жоюға құқылы.

А.Искаков, аудандық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының  орынбасары.