Шардаралық шаруалар күріш орып жатыр. Биыл аудан бойынша мың гектардан астам жерге салы егілген. Алқаптарындағы сақылдаған шетелдік су жаңа техникалар тәулігіне 15-20 гектарға дейін егін орады. «Түсім жаман емес», дейді дихандар. Жалпы шағалалы өңір Түркістан облысында дақылдың осы түрін ең көп егетін жалғыз аудан. Шардараның күріші қазірдің өзінде ұлттық брендке айналып келеді.
Зияталы Атабаев өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып еңбек етіп келеді. Содан бергі аралықта қаншама темір тұлпарды тізгіндеп, сынақтан өткізген. Бұрын жаңа комбайндар тоқтамай жұмыс істеген күнде, тәулігіне 5 гектар жерді әзер оратын еді. Ал, мына су жаңа шетелдік техникалар келгелі жұмысымыз жеңілдеп, қолымыз майдан тазарып қалды, – дейді механизатор.
«Сая» фермерлік қожалығы күріш шаруашылығын сақтап қалған. Қожалық ауылдағы ағайынның жерін алып, егіндік алқаптарын ауыстырып егіп тұрады. Арық-атыздарды да тазалап береді. Есесіне өзгенің жеріндегі сор шайылады. Биыл да мың гектардан астам жерге дән сеуіпті. Қазір алқапта сақылдаған 3 бірдей шетелдің техникасы жұмыс істеп жатыр. Оның біреуін биыл сатып алыпты. Олар тәулігіне 15-20 гектар салы орады. Бір қызығы заманауи техниканы ауыл жастары, оқымай-ақ өздері тез меңгеріп алған. «Түсім жаман емес», – дейді шаруалар.
Қожалықта бұдан бөлек 300 гектардан астам мақта, жылқы мен асыл тұқымды етті Ангус сиырлары да бар. Ұжымда 35-40 ауыл азаматы еңбек етеді. Шаруашылық күріштің Егемен, Лидер, Лазер деген түрлерін егеді. Өнімді өңдейтін арнайы цехы бар.
Жалпы биыл аудан бойынша 57 800 гектар жерге түрлі дәнді дақылдар егілген. Бақша өнімдерінің алды ерте көктемде экспортталды. Ал, қазір науқанның нағыз қызған шағы. «Басты мақсат – ала жаздайғы еңбекті ысырапсыз, жауын-шашынға ұрындырмай жинап алу», – дейді әкімдіктегілер.
Шардаралық диандар биыл 222 мың тоннадан астам бақша өнімдерін жинаған. Жалпы 60 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліпті. Қазір алқаптарда мақта теру науқаны қызып тұр.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.