25 қазан – Республика күніне орай, Шардара ауданына қарасты Қ.Тұрысбеков және Шардара қаласындағы Абай, Қызылжар ықшамаудандары газ көзіне қосылды.

Салтанатты шараларға аудан әкімі Қайрат Жолдыбай арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды құттықтады.

«Шардара ауданы бойынша 9 елді мекен мен Шардара қаласындағы 10 бірлік шағын аудан табиғи газбен қамтамасыз етілген. Газбен қамтылған халық саны – 65 980 адам, ол аудан тұрғындарының 78 пайызын құрайды.

2023 жылғы газдандыру жоспары бойынша Шардара қаласындағы 5 бірлік шағын ауданда (Абай, Қызылжар, Майқала, Ақбала, Төменгі тоғай) және Қ.Тұрысбеков ауылдық округіне газдандыру бойынша құрылыс жұмыстары жүргізу жоспарланған.

Нәтижесінде бүгін Шардара қаласындағы Абай, Қызылжар шағын аудандары мен Қ.Тұрысбеков ауылдық округі табиғи газ көзіне қосылды. Жыл соңына дейін аудан халқының 91,2 пайызы табиғи газбен қамтылмақ.

Құрметті тұрғындар, үйлеріңізге газ тарту жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттарды реттеп, ауыл, қала әкімдіктерінің жауапты мамандарына хабарласыңыздар. Көмек қажет болса көмектесуге дайынбыз.

Сондай-ақ, алдағы уақытта Жаушықұм ауылы мен Шардара қаласын толыққанды газдандыру бойынша қарқынды жұмыс атқарамыз», – деді Қ.Жолдыбай.

Бүгінгі күні Шардара қаласы тұрғындарының 78 пайызы газбен қамтылған. Қалған бөлігін кезең-кезеңмен іске қосу жоспарланған. Ал Жаушықұм ауылын газдандыру  жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Көгілдір отынның қосылуында негізгі жұмысты атқарған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы мен Шардара АГШ өкілдеріне алғыс білдіреміз!

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.