Өткен аптада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы Әбдіров ауданымызға арнайы іссапармен келді. Н.Әбдіров іссапар барысында 2023 жылғы 5 қарашаға тағайындалған Шардара ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режимде өткізу мәселелері бойынша аудан жастарымен кездесіп, соңынан кеңес өткізді.
Кеңес отырысына аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, аудандық прокуратура, әділет, полиция, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жастармен кездесу барысында 5 қарашада Түркістан облысындағы 4 ауданда аудан әкімінің сайлауы өтетіндігін және жастарды қоғамнан тыс қалмай сайлауға белсене қатысуға шақырды.
Кеңес барысында сөз алған Нұрлан Мәжитұлы алдағы қанатқақты жобаның маңызына жан-жақты тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 5 қарашасына еліміз бойынша 45 аудандар мен қалаларда пилоттық режимде өтетін аудандар мен қала әкімдерінің сайлауы тағайындалған. Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылғы 11 қыркүйектегі шешімімен Түркістан облысында 4 аудан – Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандары әкімдерінің сайлауын пилоттық режимде өткізу анықталып, аудандық аумақтық сайлау комиссияларымен аудан әкімдерінің сайлауын өткізу бойынша округтер құрылып, сайлау 2023 жылдың 5 қарашасына тағайындалып, негізгі іс- шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілген. Соған сәйкес қазіргі таңда пилоттық режимде өтетін аудан әкімдерінің сайлауына дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда барлық ұсынылған кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталып, сайлауалды үгіт жұмыстары жүргізілуде.
Біздің келгендегі мақсатымыз – өңірлердегі, аудандардағы пилоттық режимде өтетін аудан әкімінің сайлауына дайындық мәселесін, сайлау учаскесінің жарықтандырылуы, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауда дауыс беру құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау комиссиясы мүшелерінің біліктіліктерін арттыру, қорыта айтқанда сайлауға дайындық мәселесін одан әрі пысықтай түсу, сайлау өткізу барысында заңдылықтардың қатаң сақталуын мүлтіксіз қамтамасыз ету, – деді Н.Әбдіров.
Сайлау учаскелерінің материалдық- техникалық базасы, құрал- жабдықтармен қамтамасыз етілуі жөнінде аудан әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров қысқаша хабарлама жасады.
Аудан әкімінің сайлауын әзірлеу және өткізу барысында заңдылықтарды қамтамасыз ету мәселелері бойынша аудан прокуроры Руслан Әбдірайымов ауданымыздың сайлауға сақадай сай екенін жеткізді.
Аудан әкімінің сайлауын әзірлеу және өткізу барысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Әділхан Шералыұлы да хабарлама жасады.
Алдағы сайлау кезеңінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімініңбас маманы Бибажар Есбосынова баяндап берді.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Есенбай Бейсенбиев аудандағы аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының алдағы сайлауға дайындық барысы негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сай атқарылып жатқанын айтып өтті.
Орталық сайлау комиссиясының жауапты хатшысы Мұхтар Тілдабекұлы Ерман сайлаушылардың құқықтары мен міндеттеріне жете көңіл бөлу мәселелері жөнінде айтып өтті.
Кеңесті қорытындылаған Нұрлан Мәжитұлы пилоттық режимде алғаш рет өткелі отырған аудан әкімінің сайлауын ұйымшылдықпен, заң талаптарын қатаң, мүлтіксіз сақтай отырып өткізуге шақырып, кеңеске қатысушыларға алғыс айтып, сәттіліктер тіледі.
Орталық сайлау комиссиясының мамандары Спорт кешенінде орналасқан №904 сайлау учаскесінде өткен тренингке қатысып, сайлау комиссиясының мүшелеріне өз кеңестерін берді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы бастаған топ Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ғимаратында болып, олардың жұмысымен танысты.
Іссапар барысында Түркістан облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақұлбаев Жеңіс Тілләбайұлы бірге болды.
Мадина Ералы.