Өткен аптада Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Еселі еңбек иесі» тақырыбында ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әмзе Оспанұлы Мүсәліге арналған арнайы іс-шара өтті. Шараға бір кездері Әмзе ақсақалмен қатар еңбектің көрігін қыздырған еңбек ардагерлері қатысты. Шараны аталған музейдің директоры Нұрлан Смайылов ашып, жүргізіп отырды.
Іс-шараға қатысқан еңбек ардагерлері құрылыс саласының саңлағы туралы парасатты пікірлерін айтты. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, «Құрмет» орденді ардагер Қыстау Ілесов Әмзе Оспанұлының өмір тарихына тереңірек тоқталып, абзал жанды ардагердің өнегеге толы істерін мысал етті.
«Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінде Қызылқұм өңірін игеруге 1960 жылы орта мектепті бітірген соң келген еңбек ардагері Әмзе Мүсәлінің өмірі мен қызметіне арналған "Еселі еңбек иесі" атты көрме мазмұнды, мағыналы болып, жастар үлгі, өнеге аларлық деңгейде ұйымдастырылып жатыр. Құрылыс саласында қарапайым жұмысшыдан участке бастығына дейін көтерілген Әмзе Оспанұлы "Восход", "Достық" кеңшарларының орталықтарындағы тұрғын үйлер, мектептер мен мәдениет ошақтарының салынуына бастан аяқ қатысқан азаматтардың бірі. "Достық" кеңшары жұмысын бастағанда құрылыс инженері болып зейнетке шыққанша қызмет етті. Зейнетке шыққан соң ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланып, оны аудандағы алдыңғы қатардағы ұйымның біріне айналдырды.
Әмзе Оспанұлы іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, қай істі қолға алмасын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Ақкөңіл, қонақжай, дастарханы келген қонаққа әрдайым жаюлы, кеңпейілді азамат. Марқұм аяулы жары Ұлбазар ерінің жағдайын жасап, оны үнемі қолдап отыратын. Әбекеңе ұзақ мазмұнды өмір, ұл-қыздары мен немерелерінің қуаныштарына кенеле беруіне тілектеспін» деді Қыстау Ілесов.
Ибрагим Бектұрсынұлы екі қоғамға қалтықсыз қызмет атқарған Ә.Мүсәлінің бүгінгі күндердегі ерекше белсенді іс-әрекеттерін де ерекше атады. Шардара ауданының Құрметті азаматы Мұсахан Мархабаев іс-шара кейіпкерінің тағылымды тірліктері кейінгі буынға өнеге болуы тиістігіне тоқталып өтті.
Музейдегі іс-шаралардың тұрақты қонағы, ардагер-ұстаз және ақын Нұрғали Ибрайым Әмзе Оспанұлына жыр шумақтарын арнап, ардагердің қазір де саптан таймағанына қуанатындығын жеткізді. Келесі кезекте сөйлеген еңбек ардагерлері Оразбай Назарбеков пен Тұрғанбек Шөжеевтер алдыңғы буын ардагерлер сапындағы Әмзе Мүсәліге алғыстарын жеткізді. Іс-шараға қатысқан Қ.Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектебі оқушылары ардақты ардагердің еселі еңбек жолдарына қаныға отырып, оған түрлі сұрақтар қойып, тиісінше жауаптар алды.
Музейдегі іс-шара Әмзе Мүсәліге арналған «Еселі еңбек иесі» атты көрме аясында өтіп, қатысушыларға тақырыптық экскурсия жүргізілді.
Өз тілшімізден.