28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, қалғаны жер астында қалып қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамына қарасты Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтты.
– Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр.
Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қарағанды облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қ.Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Сонымен қатар, Президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Костенко шахтасындағы апаттың себептерін анықтау жөніндегі үкіметтік комиссияны басқарады.
Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оларға толыққанды көмек көрсетілетін болады.
Атап айтқанда, келесі қолдау шаралары қарастырылған:
– компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана сатып алу;
– моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем;
– асырауында болған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы сақтандыру төлемі (ЖОО студенті болса, 23 жасқа дейін);
– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысына байланысты ай сайынғы төлем;
– қамқорлықтағы адамдардың санына байланысты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
– жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасылардың несиелерін өтеу;
– жерлеуге байланысты барлық шығындарды өтеу;
– қаза тапқандардың балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастыру;
– 23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысын төлеу;
– қаза тапқандардың жұбайлары мен балаларына санаторий-курорттық емделуге жолдамалар беру;
– үйді пешпен жылытатын отбасыларға жыл сайын көмір бөлу.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету мәселелері ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында.
Oskenonir.kz