Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев 2023 жылы осы кезеңге дейін атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру кездесуін өткізді.
Аудан әкімі кездесуді аптаның дүйсенбісінде Достық, Ақшеңгелді, Сүткент, Қызылқұм және Көксу ауылдық округтерінде, сейсенбіде Алатау батыр, Ұзын ата, Қоссейіт, Қ.Тұрысбеков және Жаушықұм ауылдық округтерінің тұрғындарымен өткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі қазіргі таңға дейін атқарылған жұмыстарға қысқаша шолу жасап, алдағы мақсаттарға да тоқталып өтті.
«Өздеріңізге мәлім, жақында ғана аудан әкімінің сайлауы болып, жұмысты енді бастап жатырмын. Сондықтан өздеріңізбен жүзбе-жүз жолығып, тұрғындармен еркін пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқылаудамын. Себебі ауылдардағы проблемаларды жергілікті тұрғындар, яғни сіздер жақсы білесіздер. Алдағы уақытта ауылдық округтерді абаттандыру, жарықтандыру, жол салу, жаңа инфрақұрылым тарту, егістік алқапқа жағдай жасау жұмыстары жүзеге асады. Біз үшін әр тұрғынның мәселесі маңызды. Сондықтан әрқайсыңыздың мәселеңізді тыңдап, оны шешу бойынша тиісті жұмыстар жасаймыз» – деді Арман Романұлы.
Жиындар барысында әр ауылдық округте тұрғындар тарапынан мәселелер айтылып, сауалдар қойылды.
Аудан әкімі әрбір ауылда көтерілген сұрақтар мен ұсыныстарды зерделеп, сол бойынша жоспарлар құрып, жұмыс жүргізетінін жеткізді.
Атап айтқанда, Достық ауылындағы ауыз су мәселесі, Ақшеңгелді ауылында жекеменшік канал мәселесі, Қызылқұм ауылынан мәдениет үйі мен жайылымдық жер мәселелері көтерілді. Сүткент ауылынан ПУИД бағдарламасымен каналдарды бетондау, ауылды абаттандыру, жаңадан әкімдік ғимаратын салу, егістік жер мәселесі, Көксу ауылынан мақта мәселесі, ауызсу босату кестесін реттеу, ағын су төлемақысы, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы кәсіп жасау, салынған нысандардың сапасын бақылау, жеңілдетілген дизель отыны, бірқатар ағын су қашыртқыларын тазалату, көгалдандыру және басқа да мәселелер көтерілді.
«Әр ауылдық округтегі қордаланған мәселелерді жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Жол төсеу, ауыз су, ағын су, құрылыс, жарықтандыру және ауыл шаруашылығына байланысты жасалауға тиісті жұмыстарды ауыл әкімдері жыл басынан бастап сіздермен ақылдасып, тиісті нысандардың сметасын жасаса, ауданнан, облыстан немесе республикадан қаржы бөлдіру бойынша барынша жұмыс істейтін боламыз.
Мақсатымыз – құр сөзбен емес, нақты іспен нәтижеге жұмыс жасау» – деді Арман Романұлы.
Аудан әкімі әр елді мекендегі күрмеулі мәселелерді саралап, шешу жолдары мен мерзімдері бойынша қосымша түсіндірді.
Сонымен қатар, жеке қабылдауға жазылған тұрғындарды да қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.