Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейінің қараша айындағы жоспарлы көрмесі аудандағы Қызылқұм ауылдық округіне арналып, музейге келушілер ауылдың өткені мен бүгінінен сыр шертер жәдігерлермен кең көлемде танысты.

Аталған көрме аясында музейге арнайы келген Қоссейіт ауылдық округіндегі «Қоссейіт» жалпы орта мектебі 7 сынып оқушыларына Қызылқұм ауылының өткені мен бүгіні және әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен жарқын жетістіктері баян етілді.

Шара барысында ауылдан шыққан танымал тұлғалар өмірі де жан-жақты насихатталды. Атап айтқанда, шаруашылықтың негізін қалап, оның даңғыл жолмен дамуына тікелей ұйытқы болған алғашқы директоры Батырбай Сейданов пен сол ауылдан түлеп ұшқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, танымал ақын Қазыбек Иса туралы деректер көрмені тамашалаған көпшілікті ерекше қызықтырды. Сонымен қатар көрмені тамашалаған оқушыларды бастап келген «Қоссейіт» жалпы орта мектебінің музей мамандары Л.Мылтықбаева мен Ә.Есіркеповалар да жас жеткіншектерге тарихи-танымдық сабақ өткізді.

Шара барысында оқушыларға музей атынан «Есімі елдің есінде» атты лекция оқылып, музей экспозициясына экскурсия ұйымдастырылды. 

Мадина Ералы.