Аптаның сейсенбісінде Шардара аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есеп беру және сайлау конференциясы өтті. Конференцияға Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек, облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов, Шардара аудандық білім бөлімінің әдіскері Д.Нұсқабаева және өкілеттік нормасына сәйкес сайланған делегаттардың 46-сы қатысты.
Конференция жүмысын Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жұман Ұлықбек Назарұлы ашып, жүргізіп отырды. Конференцияның жұмысшы төралқасы мен жұмысшы органдары сайланып, күн тәртібі бекітілген соң конференция өз жұмысын бастады.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ұ.Жұман «Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің 2019-2023 жылдардағы жұмысы туралы» есепті баяндама жасады. Сонымен бірге тексеру комиссиясының төрағасы Бақтыгүл Өтегенованың есебі тыңдалды. Баяндамада есепті кезеңде аудандық кәсіп-одақ комитеті құрылымының нығаюы, әлеуметтік әріптестікті дамыту жөнінде атқарылған жұмыстар, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша атқарылған шаралар, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылау жасау және мәдени іс-шаралар жайлы ақпарат және мәліметтер айтылды. Атқарылған жұмыстарды талқылау бойынша сөз алған облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек және өзге де қонақтар баяндама бойынша ой-пікірлерін, алдағы міндеттер туралы айтты және облыстық кәсіподақ комитетінің қызметі туралы конференция делегаттарын хабардар етті.
Конференцияда Шардара аудандық кәсіподақ 'комитетінің төрағасы болып Жұман Ұлықбек Назарұлы сайланды.
Аудандық кәсіподақ жиынында күн тәртібіне сәйкес аудандық кәсіподақ комитеті, аудандық тексеру комиссиясы және облыстық конференцияға делегаттар сайланды.
Жиын барысында білім беру саласында еселі еңбек етіп жүрген бір топ ұстаздар облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамоталарымен, «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды.
Конференция күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылдады.
Өз тілшімізден.