Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.

Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел дамуында жаңа тарихи кезең басталды. Ата Заңымыз халқымыздың бас құжатына айналды. Төл Рәміздеріміз төрге шығып, ұлттық теңгеміз қолданысқа енді. Мемлекеттік шекарамыз белгіленіп, мемлекетіміздің мызғымас қорғаны – Қазақстан Қарулы Күштерінің қорғаныс қабілеті нығайды.

Тәуелсіздік жылдары еліміздің жеткен әрбір жетістігі мен табысы — барша қазақстандықтардың ортақ еңбегі мен өзара татулығының нәтижесі.

«Бағалай білгенге бақ қонады» демекші, бүгінде мемлекеттің саясатын қолдаған түрлі этнос өкілдері Отанымызды өркендетуге атсалысып, ынтымақта өмір кешуде. Бүгінде түрлі этностар біте қайнасып, бірлікте өмір сүріп жатқанын өз ауданымыздан да көруімізге болады.

Тәуелсіздік алғаннан бері Шардара ауданында әлеуметтік-экономикалық сала бойынша көптеген өзекті мәселелер шешімін тауып, ауқымды істер еңсерілгеніне халық куә.

Аудан тұрғындарының еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Әр салада жаңашыл бастама, игі істер бар. Білім ошақтары жаңарып, денсаулық саласы жанданып, мәдениет пен өнеріміз өрлеп, спорт саңлақтарымыз әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрініп жүр.

Құрметті аудан тұрғындары!

Ауданымыздың барлық саласында қол жеткізген толағай табыстар мен жетістіктер, игілікті істер алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таба бермек.

Шуағын шашқан шырайлы мереке – Тәуелсіздік күні құтты болсын. Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биік, мерейі үстем болғай! Баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасының амандығын тілейміз!

Мереке құтты болсын! 

Құрметпен,       

Аудан әкімі   А.Қарсыбаев

Аудандық мәслихат төрағасы Б.Мүтәлиев