Кешегі аптада «Шардара» мектеп-лицейінде зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары туралы мағлұмат беру, оқушыларға азаматтық құқықтары мен бас бостандықтарын қорғауы туралы үйрету, жаман әдеттерден бойларын аулақ ұстап, адамгершілігі мол саналы азамат болып өсуіне ықпал жасау мақсатында «Ата-аналарға тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңнамаларға түсіндірме беру жұмыстары» атты тақырыпта жоғарғы деңгейде аймақтық іс-шара өтті.
Іс-шараға мектеп-лицей директоры Ж.Сапаров, Ақбала мөлтек ауылы ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы, мектеп-лицейдің қамқоршылық кеңесінің төрағасы М.Мархабаев, аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны С.Әбжаппаров, аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Әбілдаев, Д.Маметова, ата-аналар комитетінің төрағасы С.Лаханов және ата-аналар мен аудан мектептерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Аймақтық жиынның ашылуында сөз алған мектеп-лицей директоры Ж.Сапаров өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау мәселесі қашан да өзекті екенін, адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алатынын, адам өмірінің мәні болып табылатын баланы бірлесе отырып тәрбиелеуге шақырды.
Жиын барысында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Ахатова «Тәрбие – отбасынан басталады» атты тақырыпта баяндама оқып, тақырыпқа сәйкес видеороликтер мен ата-аналарға сұрақтар қой- ып, олармен қызықты ойындар ұйымдастырды.
Сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны С.Әбжаппаров «Ата-аналарға тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңнамалар туралы түсіндірме беру» атты тақырыпта баяндама жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Бүгінгі қыз – ертеңгі ана» атты тақырыпта педагог-психолог Ф.Жұмабаева қызықты тренингтер ұйымдастырып, ата-аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйласа, педагог-психолог А.Арын сауалнама жүргізді.
«Бақытты отбасы» атты тақырыпта аудандық білім бөлімінің әдіскері Д.Маметова баяндама оқып, ата-аналарды бала тәрбиесіне немқұрайды қарамауға шақырды.
Аймақтық семинарды қорытындылаған аудандық білім бөлімінің әдіскері Н.Әбілдаев ата-аналарға әдістемелік құқықтық көмек беріп, кейбір жағдайларды бейнесюжет көрсету арқылы талқылады.
Өмірдің мәні – бала, сәні – бала. Баланың басты ұстазы – ата-ана. Ендеше, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайық.
М.Досымқызы.